Өңір басшысы журналистің сұрағына жауап бере отырып, ауыл мәселесін шешу туралы өзінің көзқарасымен бөлісті және Жамбыл облысында басталып, Ақтөбе өңірінде жалғасын тапқан «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы туралы айтып берді.

Спикердің айтуынша, ауыл тұрғындарын 2,5% кепілсіз несиелендіру мәселесі шешілді

«Мысалы, ауыл тұрғыны қазір 4,5 млн теңгеге 10 сиыр сатып алды делік. Барлық сиырлар алдағы уақытта бұзайлайды. Бір-екі айдан кейін жобаға қатысқан шаруаның малының төлдеуіне байланысты мал саны екі есеге артады. Тек сүт сату арқылы ғана тіпті қала тұрғыны да таппайтын қомақты соманы табуға болады», - деді өңір басшысы.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ет және көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әкімнің айтуынша, бүгінде құс етінің 90%-дан астамы сырттан әкелінеді. Яғни, ақтөбеліктердің ақшасы басқа адамдардың қалтасына түседі. Бірақ әркім тіпті өз ауласында құс шаруашылығымен айналыса алады ғой. Мұндай жобалар да бар. Жыл соңында жобаға қатысушы ауылдарда құс етімен қамтамасыз ету деңгейі үш есе артады, көкөніспен қамту 23%-ға, картоппен қамту 20%-ға артады.

Өңір басшысы мультипликативті әсер туралы да айтты. Бұл ауыл бюджетінің ұлғаюы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жаңа бизнес субъектілерінің пайда болуы, бос жерлерді айналымға тарту және т. б. 

Алайда, ауыл мәселесін шешпей, қала мәселесін шеше алмаймыз, деді Е. Тоғжанов. Оның айтуынша, өңірде соңғы үш жылда ғана 17 мың адам ауылдан кетті. Егер олардың көпшілігінің білімі болмаса, олар үшін қалада не бар? Олар қала базарларының маңын жағалап қалады. 

Сондықтан облыс ауыл тұрғындарының қалаларға ағылуын тоқтатуды ғана емес, қала тұрғынын ауылдарға қайтаруды да көздейді. Жаңа жоба «Қаладан - ауылға» деп аталады. Ол сондай-ақ «Ауыл аманаты» ауқымды жобасы аясында жүзеге асырылуда.

«Ауылдан айырылу – бұл біздің түп-тамырымыздан айырылу. Қазірдің өзінде биыл 5 айда облыс бойынша қаладан ауылға 60 отбасы немесе 250-ге жуық адам оралды. Бұл үрдіс жалғасады. Кеткендерді ауылға қайтару үшін ауыл өмірін жақсарту, ауыл тұрғындарын қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Әрі, соңғысы - шешуші фактор», – деді облыс әкімі.

Ералы Тоғжанов қазір облыста «Қауіпсіз ауыл» жобасы енгізіліп жатқанын айтты. Пилоттық жобаны қабылдаған 10 ауылда қылмыс жасалмаған. Жыл соңына дейін жобаға тағы 60 ауыл қосылады.

Біз, әсіресе шекара маңындағы ауылдарда халықтың кетуімен байланысты жағдайды түзетуге тиіспіз, деп түйіндеді облыс әкімі.