Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Астана Опера театрында орасан зор оқиға – «Ұлы дала әуені» салтанатты одасы орындалмақ. Ауқымды іс-шараның мақсаты – бүгінгі өнерді қолдау мен дамыту, отандық мәдениет жетістіктерін дәріптеу.  

«Бір халықты танып-білгің келсе, оның музыкасын тыңда», деген сөз бар. Қазақ музыкасы – халықтың тарихи және мәдени портреті, оның басты рухани байлығы. Қазақ музыкасы өр рухты, онда пәлсапалық тереңдік пен даналық тұнып тұр. Абай, Жамбыл, Құрманғазы шығармашылығы бүгінгі таңда Қазақстан шекарасын асып, тыс мемлекеттерге танылған», – деді өнер саласының басшысы.  

Ол ел өңірлерінен келген шығармашылық ұжымдардың басын қосатын «Ұлы дала әуені» одасы ауқымды жобасының еліміздің мәдениет саласындағы бірегей оқиға екенін айтты.

«Салтанатты ода – күрделі вокалдық-симфониялық шығарма. Ол еліміздің барлық өңірлерінен жиналған әншілерден және музыканттардан тұратын хор мен симфониялық оркестрдің орындауында шырқалады. Концертте үздік өнер ұжымдары – Астана Опера театры, Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі қатысады. Сонымен қатар, аталмыш одаға жас музыканттардың қатысуы ерекше маңызға ие – салтанатты оданы орындаудың тәрбиелік-эстетикалық және патриоттық мәні бар», – деді Т. Әлпиев.  

«Ұлы дала әуені» 10 бөлімнен тұрады. Онда қазақ халқының тарихын, рухани байлығы мен мәдени мұрасын сипаттайтын тақырыптар – ұлы даланың қасиетті шежіресі, бабалар аманаты, болашаққа бастау қамтылған және келешек ұрпаққа үндеу тасталады. Шығарманың музыкалық арқауына Құрманғазы, Абай, Шәкәрім, Нұрғисаның туындылары енген.