Оқу-ағарту министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп балалардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Былтыр алғаш рет «баланы жәбірлеу» ұғымы заңға енгізіліп, оларды буллингтен қорғау тетіктері бекітілген. Бұл тетіктер балалар арасындағы буллинг фактілерінің алдын алу мен психологиялық қызмет қағидаларын қамтиды. Осы қағидаларға сәйкес жыл сайын білім ұйымдары балаларды буллингтен қорғау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын бекітеді. Онда балаларды жәбірлеудің алдын алу бойынша сынып сағаттарын, ата-аналар жиналыстарын, басқа да мектепішілік, мектептен тыс шаралар өткізу қарастырылған.
«Жәбір көрген кәмелетке толмағандарға психологиялық қолдау көрсету, әлеуметтік оңалту шаралары іске асырылып келеді. Мінез-құлқында өзгерістер бар, ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды уақытылы анықтап, оларға дер кезінде психологиялық, моральдық, әлеуметтік көмек көрсету үшін орта білім беру ұйымдарында мектепішілік есепке алу әдістемесі жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде 6 мыңнан аса осындай бала есепке алынып, қолдау шаралары көрсетілуде», – деді вице-министр.
Ол биылдан бастап буллингтің, зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбында 80 сағаттық педагогтердің біліктілігін арттыру курстары жүргізіліп жатқанын айтты. 5-11 сынып аралығында балалардың медиа сауаттылығын көтеру мақсатында «Жаһандық құзыреттілік» курсы аясында арнайы тақырыптар өткізіледі.
«Бұл балалардың жалпы әлемдегі өзгерістерді түсінуіне, интернетте жұмыс істеу тәсілдерін, медиа сауаттылығын арттыруға, балаларға төнуі мүмкін қауіп-қатерлер туралы ақпарат беруге үлкен көмек болады», – деді спикер.
Сонымен қатар, оның айтуынша, ата-аналарға әлеуметтік желілерде, оның ішінде TikTok қосымшасын балалардың қауіпсіз пайдалануына үйрететін атан-аналық бақылау тетіктері туралы кеңес беретін вебинарлар ұйымдастырылуда.