Балалар арасында және оларға қатысты құқықбұзушылықтардың, зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқылай отырып, ІІМ өкілі полиция жұмысындағы басымдық статистика емес, қылмыс динамикасы емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылатынын атап өтті. 

Спикердің айтуынша, мемлекет мұндай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдауда.

«2019 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Осы қатардағы қылмыстары үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға, жаза шараларын неғұрлым жеңілге ауыстыруға тыйым салынды. Тараптардың татуласуына да тыйым салынады. Бұдан басқа, қазір кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар туралы мәліметтерді жасырғаны және полицияға жеткізбегені үшін білім және денсаулық сақтау органдарының қызметкерлеріне де жауапкершілік жүктеледі», – деді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша, аса ауыр қылмыстарға кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлау және зорлық-зомбылық әрекеттері жатқызылған. Олар үшін қылмыстық жауапкершілік 15 жылға бас бостандығынан айыру мерзімін құрайды. Осындай қылмыстық әрекеттерді жасаған адамдар үшін педагогикалық қызметпен және балалармен байланысты кез келген басқа жұмыстармен айналысуға өмір бойы тыйым салынды.

«Бұл шаралардың барлығы кәмелетке толмағандарға қатысты да, кәмелетке толмағандардың өздері де жасайтын қылмыстардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік берді», – деді Әкімшілік полиция өкілі.

Дөңгелек үстел спикерінің сұрағына жауап бере отырып, ІІМ өкілі ата-аналардың балаларының мінез-құлқы мен бос уақытына назар аудармауы осындай қылмыстарды жасаудың себептері болып табылатынын айтты. Р. Зулхаировтың айтуынша, жыл сайын ішкі істер органдарына көшелерден 100 мыңнан астам бала жеткізіледі. Биыл бұл көрсеткіш 22 мыңнан астам баланы құрайды. Заңнамалық жаңашылдықтарға сәйкес, қазір кәмелетке толмағандарға ойын-сауық орындарында болуға мүмкіндік берген кәсіпкерлер де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Биыл ғана әкімшілік тәртіпте 680-ден астам кәсіпкер жазаланды. 

Ішкі істер органдары, жоғарыда айтылғандай, балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алумен айналысады. ІІМ Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп девиантты мінез-құлқы бар балаларды түрлі үйірмелерге, спорт секцияларына тартады. «Динамо» қоғамында бүгінде есепте тұрған 2 мыңнан астам бала спорт секцияларына тегін қатысады.