Пациент пен оның қажеттіліктеріне бағытталған МӘМС жүйесінің тиімділігінің өлшемдері – пациентке көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі. Статистикалық деректер бойынша, 2019 жылы 20 млн-ға жуық консультацияр мен диагностикалық зерттеу жүргізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 142 млн дейін, яғни 7 есе өскен. Бұл ретте дәрігерлердің қабылдауында зертханалық талдау және аспаптық диагностика жүргізу жеті есе өскен.  

«Мысалы, стоматологияны алайық. 2019 жылы 3 млн жуық стоматологиялық қызмет көрсетілсе, былтыр бұл көрсеткіш 13 млн дейін, шамамен 5 есе өскен. Бұл стоматологиялық көмектің адамдарға қолжетімділігінің артқанын көрсетеді», – деді вице-министр.  

Сонымен қатар ол Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 74,4 жасқа жетіп отырғанын, 2019 жылмен салыстырғанда, 2022 жылы МӘМС енгізілгеннен кейін жалпы өлім-жітім 8,8%-ға төмендегенін айтты. Бұл оң өзгерістер сақтандыру медицинасын енгізудің халықтың денсаулығына жағымды әсері мен өлім деңгейінің төмендеуін көрсетеді.  

Дегенмен, денсаулық сақтау саласында шешуді қажет ететін бірқатар проблема бар. Біріншісі – саланың жеткіліксіз қаржыландырылуы.  

«Бұл проблема тарифтердің медициналық көмекке жұмсалатын шығындарға нақты сәйкес келмеуінен туындайды. Тегін медициналық көмек пен МӘМС пакеттерінің арасында қызметтер ағыны да бар. МӘМС жарналары мен аударымдарының пайыздық мөлшері мысалы, Чехия, Словения, Латвия сияқты кейбір елдерге қарағанда айтарлықтай төмен», – деді Т. Сұлтанғазиев. 

Екінші мәселе – халықтың МӘМС жүйесіне жеткіліксіз тартылуы. Қазіргі уақытта 3 млн астам адам сақтандырылмаған және МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық көмек ала алмайды. Алайда, вице-министрдің айтуынша, былтыр халықты сақтандырумен қамтуда оң динамика байқалып, МӘМС-ке қатысушылар саны бір жылдың ішінде 600 мыңға өскен.  

Үшінші мәселе – бизнес-процестерді цифрландырудың төмен деңгейі және медициналық ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржыны басқарудың және ашықтықтың жеткіліксіздігіне әкеледі. Ол бұл мәселелердің барлығы қазіргі таңда шешуді қажет етіп отырғанын баса айтты.