Оның айтуынша, кардиохирургиялық оталарды күту ұзақтығы 3-4 айдан 1 айға дейін қысқарды. Қымбат КТ-МРТ диагностикасы қазір 10 күн ішінде жасалады.

«Сонымен қатар, бұрын ақылы негізде жасалған көптеген оталар, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру оталары МӘМС аясында қолжетімді болды. Катаракта оталарының саны жыл сайын артып келеді. 2 жыл ішінде 8 мыңға жуық адамға ота жасалды», - деді қор басшысы.

Сондай-ақ жоғары технологиялық жабдықтар қолданылатын оталар қолжетімді болды. Жекелеген кардиохирургиялық оталардың құны 7 млн теңгеден асады және олар МӘМС бойынша қолжетімді, деп атап өтті спикер.

Жалпы, 2022 жылы жоғары технологиялық медициналық қызметтер бойынша 68 ота жасалды, олардың орташа құны 3 млн теңгені құрады.

Қор басшысы МӘМС жұмысы қандай принциптерге негізделгенін түсіндірді.

«МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ортақ жауапкершілігі қағидаттарына негізделген. Азаматтардың осал санаттары үшін (зейнеткерлер, балалар, көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, мүгедектер) мемлекет жарна төлейді. Бұл шамамен 11,4 млн адам. Азаматтардың осы санаттары үшін мемлекеттен жыл сайынғы орташа жарна шамамен 0,5 трлн теңгені құрайды. Жұмыс істейтін халық МӘМС жарнасын жұмыс берушінің есебінен және МӘМС туралы заңда белгіленген режимде өз есебінен төлейді», - деді С.Ахметов.

Бұл ретте ол жұмыс істемейтін азаматтар жұмыспен қамту орталықтарында тіркеле алатынын айтты, бұл оларға МӘМС қызметтерін жұмысқа орналасқанға дейін белгілі бір уақыт ішінде пайдалануға мүмкіндік береді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесінің артықшылықтарын түсіндіру, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін және МӘМС қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастырады», - деді қор басшысы.