Ол қазақстандық өңдеу өнімдері экспортын 2025 жылы 41 млрд АҚШ долларына жеткізу аса маңызды екенін айтты. Былтыр бұл экспорт 26,5 млрд АҚШ долларын құраған.

«Биыл І тоқсанда өңделген өнімнің сыртқы саудасының жалпы көлемі 18,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылға сәйкес көзделген көрсеткіштерден 32%-ға жоғары. Соңғы үш жылда 63%-ға өсті. Осы кезеңде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 5,9 млрд АҚШ долларын құрады, өсімі - 7,6%», - деді вице-министр.

Экспорттың өсуі сондай-ақ тауарлар позицияларының санын кеңейту есебінен де қамтамасыз етілген. І тоқсанда экспортқа жеткізілетін тауарлардың номенклатурасы 767 тауар позициясына ұлғайды.  

Журналистің министрліктің экспорт саласында атқарып отырған жұмысының «KazakhExport»-тан айырмашылығы қандай екендігі туралы сауалына вице-министр нақты жауап берді.   

«Біріншіден, «KazakhExport» қаржылық көмек көрсетеді. Мысалы, сіз басқа жаққа тауарыңызды сатқанда осы компаниядан төлемді қалай аласыз, ол төлем кім арқылы төленеді, ол жерде кепілдік бар ма жоқ па, ол компанияның қандай мүмкіндіктері бар - соның барлығын «KazakhExport» жасайды. Ал «QazTrade» үйрету, жеткізіп беру, сауда-экономикалық миссияларын ұйымдастыру және осындай қаржылық емес көмектермен толығымен өзі айналысады», – деді Қ. Төребаев.

Сонымен қатар ол министрліктің экспорттық-кредиттік агенттік құру жөніндегі арнайы заң жобасын әзірлегенін айтты. Заң жобасы қазір Парламенттің қарауында жатыр.