Спикер атап өткендей, экспорт географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен, биыл қазақстандық өнім әлемнің 106 еліне жөнелтіледі, бұл бір жыл бұрынғыдан 6 елге артық. Біздің өнімдеріміздің негізгі импорттаушылары РФ, ҚХР, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Ұлыбритания, Жапония, Қырғызстан, Грузия және Ауғанстан болып отыр.

Қазақстаннан мыс, мыс катодтары, ферроқорытпалар, уран, мұнай өнімдері, болат илемдері, күміс, бидай ұны, мырыш және табиғи газ экспортқа жөнелтіледі.

«2020 жылдан бастап экспорттаушыларға қолдау шараларын көрсетудің қолданыстағы құрылымдарын оңтайландыру бойынша ауқымды және кешенді жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде экспортты қолдау институттарының саны екі есеге қысқарды. Қазір бұлар «KazakhExport» қаржылай қолдау шараларының операторы және «QazTrade» қаржылай емес қолдау шараларының операторы», – деді вице-министр.

СИМ өкілінің айтуынша, былтыр 650 кәсіпорын шикізаттық емес өнімдердің белсенді экспорттаушысына айналды. Оның ішінде 80%-ға жуығы – ШОБ кәсіпорындары. Оның 48%-ы – тамақ бағытындағы кәсіпорындар.

«Өткен жылы біз 3400 сұранысқа немесе демалыс күндерін есептемегенде, күніне 10-ға жуық сұранысқа қызмет көрсеттік», – деді спикер.

Оның айтуынша, шикізаттық емес отандық бизнесті халықаралық алаңдарға тиімді шығаруға мүмкіндік беретін «Акселерация» қолдау бағдарламасы жетекші бағдарламалардың бірі. Қазірге дейін бағдарламаға 190-нан астам компания қатысты және бүгінде олар постмониторингте. Биыл тамақ, жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау және қызмет көрсету секторынан тағы 110 түрлі компанияға қызмет көрсетіледі, деп мәлімдеді вице-министр.

Айта кету керек, бұл бағдарлама кәсіпорындарды диагностикалауға және өнімнің сыртқы нарықтарға шығуға дайындығын бағалауға қолдау көрсететін халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылады.

2022 жылы «Акселерация» бағдарламасын қолдау аясында 260 млн АҚШ доллары сомасына 38 экспорттық келісімшартқа қол қойылды, биыл бірқатар келісімшарттар жасалады.

«Экспортты сервистік қолдау сауда-экономикалық миссияларды өткізуді және халықаралық көрмелерде қазақстандық өнімнің ұлттық орталықтарын ұйымдастыруды қамтиды. 2023 жылдың басынан бастап 5 СЭМ өткізілді, оның қорытындысы бойынша 300 млн АҚШ доллары сомасына келісімшарттарға қол қойылды», – деді вице-министр.

Мәселен, өткен аптада СЭМ аясында Сиань қаласында (ҚХР) қазақстандық тауарлардың шоу-румы ашылды. Демонстрациялық алаңдарда отандық тамақ өнеркәсібінің 30 кәсіпорнының тауарлары ұсынылған.

Экспорттаушыларды қаржылай емес қолдау құралдарының бірі отандық тауар өндірушілерді «Alibaba. com» электронды алаңына шығару болып отыр. Алаңда жалпы сату көлемі 225 млн АҚШ долларын құрады, деп атап өтті спикер. Оның айтуынша, қытай нарығында қазақстандық тауарлардың болуын күшейтуге Сиань қаласындағы электронды алаң да мүмкіндік береді, онда Мемлекет басшысының жақында жасаған сапары аясында ұлттық павильон ашылды.

Экспорттаушылардың шығындарын өтеуге қатысты, Үкімет қаулысымен бірыңғай оператор ретінде «QazTrade» бекітілді. 2022 жылы 8,8 млрд теңге сомасына шығындар өтелді. Қолдау шарасы 212 экспорттаушыға көрсетілді.

«2023 жылдың соңына дейін 10 млрд АҚШ доллары сомасына өтінімдерді мақұлдау жоспарлануда, бұл 300 кәсіпорынға дейін осы қолдау шарасын пайдалануға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Қайрат Төребаев.