Облыстардың әкімдіктерінің жедел деректері бойынша 13 млн га алқапқа егін егіліп үлгерген, бұл жоспардың 62%-ы. Оның ішінде дәнді дақылдар 9,5 млн га немесе 61%, майлы дақылдар 1,9 млн га немесе жоспардың 58% егіліп болған. Көкөніс бақша дақылдары 248 мың га немесе жоспардан 90%, картоп 163 мың га немесе 83% егілген.
«Көктемгі дала жұмыстары қазір жалғасуда. Биыл әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жалпы егіс алаңы 23,4 млн га құрайды, бұл 2022 жылғы деңгейден 68,6 мың га көп. Оның ішінде жаздық егіс алаңы 20,9 млн га, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдары 117 мың га, азықтық дақылдар 36,5 мың га және қант қызылшасын 6,7 мың га ұлғайту көзделіп отыр», – деп нақтылады министр.
Ол астық, көкөніс, бақша өнімдері бойынша жоспарланған алқаптар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты. Шаруалар барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамтамасыз ету, қаржыландыру мәселелерін үйлестіру мақсатында республикалық жедел штаб құрылған.
«Тұқым себу жоспары 100% орындалды. Фермерлер 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын құрды», – деді Е. Қарашөкеев.
Министрдің сөзінше, 2023 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,4 млрд теңге көзделген. Көктемгі науқанға 149,8 мың трактор, бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын 4,9 мыңнан астам жоғары өнімді егіс кешендері, сондай-ақ 76 мың сепкіш қатысып отыр.
«Сондай-ақ шаруалар егіс жүргізуге арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Энергетика министрлігімен келісім бойынша ақпан-маусым айларына шамамен 419 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 мың тоннаға артық», – деді сала басшысы.
Сонымен қатар, облыстарды МӨЗ-дерге бекітудің тиісті кестесі бекітіліп, МӨЗ-дер бекіткен баға тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болып белгіленген. Дизель отынына шекті жол берілетін бағаның ұлғаюына қарамастан, АШТӨ үшін баға өзгерген жоқ. АШТӨ үшін республика бойынша орташа баға литріне 204 теңгені құрады, бұл нарықтық бағадан 30-31% арзан.
«Министрлік егін жинау науқанын жүргізуге арзандатылған дизель отынына қажеттілікті қалыптастыруда. Қазіргі уақытта арзандатылған дизель отынына өтінімдер субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі модульіне келіп түсіп жатыр. 301 тонна отынға 13,9 мыңнан астам өтінім берілді. Осы бағытта жұмыстар жалғасуда», – деді ауыл шаруашылығы министрі.