Бочча – бұл тірек-қимыл аппаратының ауыр бұзылыстары бар балалар мен ересектерге арналған доп ойыны. Федерация вице-президентінің айтуынша, балалар доп ойнау арқылы дамиды, әрі жарысқа дайындалады. Жарысқа ұзақ уақыт дайындалу барысында балалардың денсаулық көрсеткіштері жақсара бастайды, яғни, бочча ойыны ауыратын балаларға өте жақсы көмектеседі.
«1-4 маусым аралығында Астанада боччадан ірі чемпионат өтпек. Ол чемпионатқа еліміздің әр қаласынан, әр өңірінен 50-ге жуық чемпион келеді. Сол чемпиондардың арасынан іріктеу өтіп, ұлттық құрама құрылады. Ұлттық құрама әрі қарай халықаралық чемпионаттарға, олимпиадаларға қатысатын болады», – деді Н. Жанғазинова.
Сонымен қатар ол Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар, оның 98 мыңы – балалар екенін айтты. Инклюзивті қоғамды дамыту, осындай жарыстардың болуы, оларды қолдау біз үшін өте үлкен жауапкершілік, дейді Н. Жанғазинова.
Ал Қазақстан Бочча федерациясының бас хатшысы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Ұлжекова Қазақстанның Бочча федерациясының ел бойынша 10 филиалы бар екенін айтты. Ал «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында ашылған үйірмелер 21 қалада орналасқан. Қазіргі таңда боччашылардың саны 150-ге жеткен, олардың жас аралығы 6-жастан 43 жасқа дейін.