Алғашқы нысандардың бірі Qazaq astyq Group майды экстракциялау зауыты болды. Зауыт директоры Николай Ушаковтың айтуынша, кәсіпорын экологиялық таза отынмен жұмыс істейді.

2021 жылғы шілдеден 2023 жылғы ақпан айына дейін 224,5 мың тонна шикізат қайта өңделді. Зауыт жұмыс істеген кезеңде 64,4 млрд теңгенің өнімі сатылды. Ең көп сатылған май көлемі – 96 482 тонна. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталады, сондай-ақ тауар Қытай, Өзбекстан, Еуропа елдеріне жеткізіледі.

Өңірдің даму көрсеткіштерімен танысу барысында әлеуметтік нысандардың жұмысына ерекше назар аударылды.

Биыл Семей қаласында Абилитация және оңалту орталығы ашылды. Мұнда мүгедектігі бар 150 адамға әр түрлі медициналық қызметтер ұсынылады. Сондай-ақ балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Өзге аудандардан келетін балалар мен ересектер 1 айдан 6 айға дейін уақытша тұратын жартылай стационар жағдайында кешенді медициналық-әлеуметтік, психологиялық-әлеуметтік және әлеуметтік-педагогикалық оңалтудан өте алады.

«IV plus» клиникасы 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Емханасы мен стационары бар жаңа оңалту орталығы 96 төсек-орынға есептелген. Клиника қызметкерлері медициналық оңалту залында медициналық оңалту саласындағы HUR және Weyergans AG озық шешімдерін көрсетті. Клиникадағы заманауи жабдықтың көмегімен COVID-19-дың салдары мен асқынуларды емдеуге болады.

Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Шағангүл Жанаева Қазақстанның танымал тарихи тұлғалары – қазақ ақындары, жазушылары, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар оқыған бірегей оқу орны туралы айтып берді. Білім беру мекемесіне биыл 120 жыл болады. Мұнда атаулы аудиториялар ашылып, бірегей жазбалар, фотосуреттер және өзге де экспонаттар сақталатын Мұхтар Әуезов музейі жұмыс істейді.

Өңір басшылығының қолдауымен колледждің өзекті мәселелерінің бірі шешілді.

«Облыс әкімі бұрыннан келе жатқан мәселені шешті – ол ғимаратты орталық жылумен жабдықтау желісіне қосуға көмектесті. Осы уақытқа дейін оны қазандықпен өз күшімізбен жылытып келдік. Бұл біздің колледжге үлкен көмек болды», – деді Шағангүл Жанаева.

Өңірді дамыту үшін қолданыстағы және пайдалануға беру жоспарланып отырған әлеуметтік және өндірістік объектілердің жұмысы үшін қажетті электр энергиясымен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ету аса маңызды.

Бүгінде өңірде Семей қаласынан 70 км қашықтықта орналасқан Қазақстандағы ең ірі Шүлбі ГЭС-і жұмыс істеп тұр.

ШГЭС техникалық директорының м.а. Қайрат Кеңесбаевтың айтуынша, қазіргі кезде станцияда екі агрегат іске қосылған. Суды ағызуға баса назар аударылады.

Сонымен қатар кәсіпорын қайырымдылық қызметпен айналысып, волонтерлік жобаларды жүзеге асырады.