Қазақтың тазысы мен төбетін қорғау, ит ретінде көбейту, халықаралық деңгейде рәсімдеу мәселесі – Қазақстан кинологтар одағының алдында тұрған басты міндет. Көп жылдан бері қордаланып келе жатқан проблеманы шешу үшін алдымен тазы мен төбеттің иесі қазақ екендігі әлемдік деңгейде нақтылануы керек.
«Халықаралық кинология федерациясына толық мүшелікке өтпейінше, бұл шаруаны шешу мүмкін емес. Сондықтан Бельгияның Тюэн қаласына сапар шегіп, біз халықаралық федерация басшылығымен кездесу өткіздік. Жүздесу барысында Қазақстан кинологтар одағының Халықаралық кинологтар федерациясына мүшелікке өту жөніндегі өтініші ресми түрде тапсырылды. Бұл мәселе биылғы 21-22 тамызда Женева қаласында өтетін халықаралық федерацияның бас ассамблеясында шешілуі тиіс», – деді Б. Серікқали.
Жеті қазынаның біріне жататын қазақы тазы мен төбеттің қазақы ит тұқымы екенін дәлелдеу үшін ең алдымен қаны бұзылмаған, басқа иттермен будандаспаған біртекті болуы шарт. Сонымен қатар тұқымы үздіксіз үш төлге ұласуы тиіс. Бұдан басқа, жүйелі қалыптасқан стандарт болуы керек. Бұл халықаралық ұйым талабы, дейді спикер. Қазіргі уақытта осы талапты орындау үшін жоспарлы түрде жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар кинологтар одағының басшысы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың кейбіріне тоқталды. Мәселен, Қазақстан кинологтар ұйымының өтініші бойынша осы жылғы 26 сәуірде қазақы тазы Халықаралық кинология федерациясының номиналды тізіміне енгізілген. Соған сәйкес қазақы тазы туралы мәліметтер халықаралық ұйымның сайтында жарияланды. Енді халықаралық сарапшылар мұндай ит тұқымы бар екенін біліп қана қоймай, халықаралық көрмелерде тазыға төрелік те жасай алады, деп нақтылады Б. Серікқали. Халықаралық федерацияның бұл тұрғыдағы басты талабы – иттердің тегі мен тұқымының жеткілікті болуы екендігін айтты ол.
«Қазіргі таңда кинология одағы қазақы тазының дербес 8 тегі туралы мәлімет жинауға кірісті. Сонымен қатар қазақы иттерді халықаралық ұйым мойындауы үшін олардың өзгешелігін айқындап беретін генетикалық зерттеу нәтижесі болуы керек. Тазыға қатысты мұндай ДНК-тест жүргізіліп, халықаралық ғылыми журналда жарияланды», – деді Б. Серікқали.