Биыл Шымкент қаласында 18 мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешімін табады. Қалада 134 мың оқушыға ыстық тамақпен, 54 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтылған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар екі Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның біреуі биыл пайдалануға берілмек.

«Одан басқа, 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда», – деді М. Әйтенов.

Денсаулық сақтау саласында соңғы 4 жылда 12 жеке емхана ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30%-ға азайды. Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік берілуде. Ал биыл жеке инвестор есебінен үш жаңа емхана ашылды.

«Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан жалпы өлім-жітім көрсеткіші 8%-ға, сәбилер өлімі 20%-ға төмендеп, аналар өлімі тіркелмеген.  Сонымен бірге 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана және жеке инвесторлар есебінен 800 орындық клиника құрылысы, 6 медициналық орталық ашуды жоспарлап отырмыз», – деді қала басшысы.

Сонымен қатар ол бұқаралық спортты дамыту мақсатында үш жыл бұрын қалада елімізде алғаш рет «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жоба қолға алынғанын еске салды. Лигаға оқушылардың қызығушылығы жылдан-жылға арта түсуде. Биыл оған 151 мектептен 500-ден астам команда, яғни 6 мыңға жуық оқушы қатысқан.

«Қалада спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл үстел теннисі спорт кешені және жаңа ипподром құрылысы, «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді», – деді М. Әйтенов.