Биылғы жылдың қаңтар мамыр айларында өңірге 2,6 трлн теңге көлемінде салықтық және басқа да түсімдер түскен. Оның 1 трлн теңгесі мемлекеттік бюджетке түссе, 1,6 трлн теңгесі Ұлттық қорға жіберілді.

Макроэкономикалық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда оң динамика қалыптасқан.

«Өнеркәсіпті дамытуға тоқталатын болсақ, осы бес айдың ішінде 4,6 трлн теңге көлемінде өнім өндірілді. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға жоғары. Негізінен өңдеу өнеркәсібінде 290 млрд теңге көлемінде өнім өндірілді», – деді облыс әкімі.

Атырау өңірінің негізгі өндірісі мұнай газ саласы болғандықтан, қазіргі таңға 22,4 млн тонна мұнай, 11,5 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндірілген. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда, өсім байқалады. Өңір өнеркәсібінің республикадағы үлесі 24,5% құрап отыр.

Бүгінгі таңда өңірге 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде шетелдік инвестициялар 474,4 млрд теңгені құрайды, ішкі инвестициялар – 665 млрд теңге. Былтыр Индустрияландыру картасы бойынша құны 815 млрд теңгені құрайтын үш жоба іске асырылып, 748 адам тұрақты жұмыс орны қамтамасыз етілді.

«Биыл құны 14 млрд теңге болатын осындай үш жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде бір жобаны ерекше атап өткім келеді. Атыраудың ерекшелігін ескере отырып, құс фабрикасын жылдың соңында тапсыруды жоспарлап отырмыз», – деді С. Шәпкенов.

Жоба құны – 9,9 млрд теңге, оның нәтижесінде 5 мың тоннадан астам құс еті өндіріледі.

Атырау облысының алдында өңірдегі өндірісті әртараптандыру міндеті тұр, деді әкім. Осыған байланысты мұнай химия саласын дамыту үшін ірі жоба іске асырылуда. Сонымен қатар Қашаған кен орнында ілеспе газды өңдеу зауытын салу жобасының құрылысы жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде мұнай өндіру барысында табылған ілеспе газды өңдеу арқылы ішкі нарыққа бағыттау мүмкін болады. Құрылыс кезінде 2,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылса, жоба іске асқанда 600 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Газ химия кешені жобасының бірінші кезеңін іске асыру кезінде былтыр полипропилен өндіру зауыты іске қосылса, екінші кезеңінде полиэтилен мен бутадиен өндіретін екі зауыттың құрылысы басталмақ.