Ұсыным ережелері Еуразиялық экономикалық комиссия өткізген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының ауқымды сауалнамасының нәтижелеріне негізделген және интернет-алаңдарда тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу кезінде сатып алушылар тап болатын ең негізгі мәселелерге бағытталған.

ЕЭК электрондық сауда алаңдарының операторларына және өз тауарларын, көрсетілетін қызметтерін, жұмыстарын интернет-алаңдар арқылы өткізетін сатушыларға мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тұтынушылардың құқықтарын сақтауды ұсынады.

Сондай-ақ электрондық сауда алаңдары операторларының өз тауарларын, көрсетілетін қызметтері мен жұмыстарын сатып алушылар мен өткізетін сатушылар арасында туындайтын дауларды шешуге және коммуникацияға жәрдемдесу қажеттігі атап өтіледі. Бұл ретте тауарларды электрондық сауда арқылы өткізетін сатушылар қызметі бағдарланған елдің заңнамасына сәйкес тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапты болуы қажет.

Егер сатып алушы тауардан бас тартпақ болса, оның тауардан (жұмыстан, қызметті орындау нәтижесінен): оны бергенге дейін кез келген уақытта, ал тапсырғаннан кейін кемінде күнтізбелік 14 күн мерзім ішінде бас тарту мүмкіндігі болады. Ақша қаражатын қайтару 7 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.

Тұтынушының электрондық саудадағы дауларды шешудің екі жолы бар: тұрғылықты жері бойынша дауларды шешу үшін немесе дауларды онлайн-шешуге арналған мемлекеттік ақпараттық ресурстар арқылы тікелей құзыретті органдарға (Қазақстанда бұл Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелері) жүгіну. Тұтынушылардың шағымдарын электрондық сауда алаңдарының операторлары, интернет-дүкендер, сатушылар олар ұсынылған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде қарауға тиіс.

Аталған тәсілдер сатып алушыны дәстүрлі, сондай-ақ электрондық әдіспен де тауарларды сатып алу кезінде бірдей кепілдікпен және құқықтарды қорғаумен қамтамасыз етуге бағытталған.