Былтыр облыстың дамуына байланысты 2026 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында 1,4 трлн теңге көлемінде әртүрлі көзден инвестициялар тарту жоспарланған.
«Бүгінгі таңда кешенді жоспар бойынша 85 млрд теңгеден астам қаржы салынды. 5 млрд теңге болатын 6 жоба іске қосылып, 430 жаңа жұмыс орны құрылды», – деді әкім.
Кешенді жоспардағы негізгі басым бағыт – өңір экономикасын әртараптандыру. 2026 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 140 млрд теңге тұратын 14 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды.
Сонымен қатар өңір басшысы ауыл шаруашылығы бағдарламасын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Өңір экономикасының негізгі көрсеткіші – ет өндіру.
«Біз қазір көптеген беріліп жатқан несиелерді ірі қара, қой басын көбейтуге және өңдеуге, ет комбинаттарына басқа өнімдер шығаруға бөліп жатырмыз», – деп нақтылады Берік Әбдіғалиұлы.
Ауыл шаруашылығын дамытуда егін шаруашылығы да дамытылып жатыр. Осы жылы 31 мың га алқапқа 62 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Өңірде алғаш рет көктемгі егіске дайындық жұмыстарына 50 млн теңгеден астам несие берілді. Шөп дайындау бойынша 500 млн теңге арнайы субсидия бөлінуде, ол шілде айынан бастап Ұлытау облысының фермерлеріне беріле бастайтынын жеткізді әкім.