ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты, оның мақсаты – ауылдық елді мекендердегі өмір сүру деңгейін арттыру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және ауыл әлеуетін тиімді пайдалану.
Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда.
Мәртөк ауданы Саржансай ауылында Серік Жұманғарин мен облыс әкімі Ералы Тоғжанов құс шаруашылығы бойынша несие алып, 300 тауық пен қаз сатып алған Роза Шәрімбаеваның жеке қосалқы шаруашылығына барды.
Бұған дейін жұмыссыз отырған ауыл тұрғыны жобаның арқасында жұмыртқа мен құстарын сатып, тұрақты табысқа қол жеткізді.
Сондай-ақ, мұнда «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар өнімдерін ұсынған көрме ұйымдастырылды.
«Ауыл аманаты» шарттарына сәйкес ауыл тұрғындары шағын және орта бизнес ашып, оны дамытуға 8,625 млн теңгеден (жекелеген шаруашылықтар үшін) 27,6 млн теңгеге дейін (кооперативтер үшін) сомасында 2,5%-бен жеңілдетілген несие ала алады. Несие беру мерзімі 60 айды құрайды, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде қоюға болады. Соның ішінде ел тарихында тұңғыш рет ең шалғай елді мекендердегі ауыл үйлері кепілге алынады.
Бұл ретте Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тетігі еліміздің басқа өңірлерінен өзгеше. Сондай-ақ, шағын несие берумен қатар, мұнда тауарлық несиелеу негізінде мал бюджеттен тыс қаражат есебінен беріледі, алынған мал төлмен қайтарылады.
Несиелеудің бұл түрін кепілге қоятын мүлкі жоқ азаматтар пайдалана алады.
Қазіргі таңда 311 отбасына 3,9 мыңнан астам мал берілді. Бүгін Саржансайда бес шаруа қожалығы тағы бірнеше отбасына 70 бас ірі қара мен ұсақ мал берді.
«Мен өңірдегі жобаның барысымен танысуға келдім және бағдарламаның жақсы іске асырылып жатқанын көріп отырмын. Ақтөбе облысы – «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша көш басында келеді», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бұдан өзге, Ақтөбе облысында іске асырылған «Ауыл аманаты» жобасы білім беру, денсаулық сақтауды дамытуға, ауылдарды абаттандыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кіші жобалармен толықтырылған.
Жобаны іске асыру басталғалы бері өңірдің бірнеше ауылында жұмыссыздық жойылып, халықтың жергілікті өндірілген өнімдермен қамтамасыз етілу көрсеткіші артты. Жобаға қатысушылар облыс орталығында өздері өндірген өнімдерін сататын «Ауыл аманаты» мамандандырылған дүкендерін ашуда.
Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде тұрғындар «Ауыл аманатына» қатысу үшін 1,4 мыңнан астам өтінім берген, оның ішінде жалпы сомасы 4,5 млрд теңгені құрайтын 1127 жоба мақұлданды.