Оның айтуынша, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы су шаруашылығы жағдайы қазіргі уақытта шиеленісті болып қалыптасып отыр, Алматы мен Жетісу облыстарында тұрақты.

Вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін дайындық жұмыстары 2022 жылдың соңынан басталған. 2022-2023 жылдардағы вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдегі жұмыс жоспары бекітілді. Оның шеңберінде қазіргі уақытта сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылды, деді комитет төрағасының орынбасары.

«Бірінші – фермерлерді сумен және жоғары орналасқан су қоймаларынан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша іргелес мемлекеттермен жұмыс жасау. Екінші - гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары, суару жүйесінің магистралдық және шаруашылықаралық каналдарды тазалау. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша», – деп нақтылады спикер.

Биыл 10  мамырда Душанбе қаласында мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 84-ші отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймасы құламасының жұмысының болжамдық режимі келісілді. Соған сәйкес Шардара су қоймасына  вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 текше метрді құрауы тиіс, ал Достық каналы бойынша 920 млн текше метр су беру жоспарланған. Сонымен қатар осы жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимінің кестесі бекітілді. Шу және Талас өзендерінің бассейндері бойынша мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының су беру кестелері бекітілді. Мәселен, 2023 жылғы вегетациялық кезеңде Шу өзені бойынша жалпы келетін судың көлемі 153,9 текше метр, Талас өзені бойынша 78,4 млн текше метр болып жоспарланған.

«Оңтүстік өңірлерде бірқатар мәселелер бар. Жамбыл облысы бойынша мамыр-маусым айларында ауа температурасының төмен болуына байланысты таулардағы мұздықтардың әлсіз еруі салдарынан Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз толуына байланысты қазіргі уақытта күрделі жағдай байқалады. Қырғызстан су ресурстарының мәліметінше, бүгінде өзендерінің сулылығы нормадан екі есе төмен болып шықты», – деді С. Нұрымбетов. 

Суды ұтымды пайдалану және егінді сақтау мақсатында Жамбыл облысының әкімдігіне осы су беру маусымында басымдықтарды айқындау, әр дақылды суару нормасына байланысты су айналымын және кезектен тыс суару т.б. шараларды қолдану, оларды қатаң сақтау бойынша ұсыныстар берілді. Жалпы, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы су шаруашылығы жағдайы қазіргі уақытта шиеленісті болып қалыптасып отыр, жағдай тұрақты бақылауда, деп түйіндеді спикер.