Спикер атап өткендей, бүгінгі таңда ел әкімдіктерінде тұрғын үй алуға кезекте 646 965 азамат тұр. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, кезекке тұру үшін азамат пен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы керек. Еліміздің үш қаласында – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында кемінде 3 жыл тіркеуде болуға тиіс.

«Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарының кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы керек, бүгінде бұл 125 758 теңге», – деді Комитет төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, соңғы жылдары кезек үдемелі қарқынмен өсуде. Соңғы 10 жылда ол 6 есеге өсті.

Әкімдіктер жыл сайын кезекте тұрғандарды түгендеуді жүргізеді. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімдері жыл сайын өзектендіріліп отырады, өйткені азаматтар өз бетінше тұрғын үй сатып алып, басқа елді мекенге тұрақты тұруға көшіп кетуі мүмкін. Осы жағдайлардың барлығы кезекте тұрған адамның мәртебесінің жойылуына әкеледі. Олар тұрғын үй заңнамасында қарастырылған.

Сонымен қатар азаматтардан кезекте тұрғандардың тізімінде баспанасы бар адамдар бар екендігі туралы шағымдар түсіп жатады. Осыған байланысты ҚР ИИДМ цифрландыру министрлігімен бірлесіп кезекте тұрғандарға заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізді. Бұл орайда өрескел фактілер анықталды.

«Кезекте тұрған 96 100 тұрғынның соңғы 5 жылда баспанасы болған. Кезектегі 533 азаматтың ҚР азаматтығы жоқ болып шықты. Кезекте тұрған 91 400 адамның тіркеуі олар кезекке тұрған өңірге сәйкес келмейді. 29 мың адам еш тіркеусіз кезекке тұрған. База бойынша 15 600 адам қайтыс болып кеткен», – деді ИИДМ өкілі.

Жалпы алғанда, тұрғын үй кезегінде тұрған шамамен 647 мың азаматтың 232 мыңы заңнама талаптарына сәйкес келмейді және кезектен шығарылуға тиіс. Мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үйді шын мұқтаж жандардың алуы өте маңызды, деп санайды спикер.