Оның айтуынша, министрліктің жанынан 2021 жылдан бері Ахуалдық орталық жұмыс істейді. Оның шеңберінде ел кәсіпорындарындағы ахуалға күнделікті негізде мониторинг жүргізіледі. Ахуалдық орталық жұмыскерлер мен кәсіподақтардың өтініштерін, құзіретті органдардың жедел ақпараттарын және де еңбек ұжымдарындағы ахуалды тұрақсыздандыру тәуекелдерін анықтау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпаратқа күнделікті талдау жасап, кәсіпорындардағы ахуалды қадағалау бойынша мемлекеттік органдар мен әлеуметтік әріптестердің қадамдық өзара іс-қимылын регламенттейді. 

«Ахуалдық орталықта еңбек тәуекелдерінің мониторингі мен талдау әрбір нақты кәсіпорын деңгейіне дейін қамтамасыз етіледі. Осы жылдың 1 қаңтарына республика бойынша әр түрлі еңбек тәуекелдері бар 109 кәсіпорын мониторингте болған. Өткен кезеңде алғышарты бар немесе еңбек жанжалдары орын алған қосыша 149 кәсіпорын Ахуалдық орталық мониторингіне енгізілді. Бүгінгі таңда 69 кәсіпорын бақылауда. Олар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар мен жанжалдарды болдырмау бойынша шаралар қабылдауда», – деп мәлім етті министрлік өкілі. 

Төлеген Оспанқұловтың мәліметіне сәйкес, биылғы жылы республика бойынша 15 кәсіпорында ереуіл болған. Қызметкерлердің негізгі талаптары: жалақыны көтеру, сыйақыларды төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақыны индекстеу, қызметкерлерді босату тәуекелдері, сервистік компаниялардың келісімшарттарының қысқа мерзімділігі және т.б.. 

Спикер қазақстандық еңбек ұжымдарындағы жанжалдардың басым бөлігі қай салаларда болатынын да айтты. 

«Салалық бөліністе жанжалдардың негізгі үлесі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және коммуналдық сала кәсіпорындарында сондай-ақ олардың тапсырыс алатын ұйымдарына тиесілі», – деп нақтылады ол. 

Ведомство өкілі барлық ереуілдердің ҚР Еңбек кодексінде белгіленген қызметкерлердің талаптарын ұсыну рәсімдерін сақтамай, стихиялық тәртіппен өткенін жеткізді.