Бірінші жүйелі шара – еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу жөніндегі Үкімет бекіткен кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыру. Еңбек жанжалдары кезінде уақытылы ден қою үшін жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушінің және кәсіподақтардың бірлескен іс-қимыл алгоритмі қолданылады.
«Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және Қызылорда облыстарында өңір әкімдерінің төрағалығымен еңбек қатынастары саласында ведомствоаралық штабтар жұмыс істейді. Соңғы уақытта наразылық акциялары көбінесе Маңғыстау облысында өтіп жатқанын және «ҚазМұнайГаз» АҚ кәсіпорындары негізінен сонда шоғырланғанын ескере отыра, аймақта еңбек қатынастары мәселелерімен айналысатын арнайы өкілдік ашылды. Әр өңірде ұжымдық еңбек даулары туындаған кезде бірлескен жедел іс - қимыл жасау үшін ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, ішкі істер органдарымен және әкімдіктермен өзара ақпарат алмасу ұйымдастырылды», – деді ведомство өкілі.
Бұған қоса, министрліктің «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен еншілес кәсіпорындарда қызметкерлермен жұмыс істеу менеджментін жақсарту туралы Жол картасына қол қойылды. Бір жылдан астам мерзімге келісімшарттар жасасуға біртіндеп көшу қамтамасыз етілуде. Бұл – наразылық акциясына қатысушылар қойған талаптардың бірі. Ахуалдық орталық шеңберінде ықтимал тәуекелдерді ерте анықтаудың скорингтік моделі енгізілуде, еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату мәселесі пысықталуда.