Жетісу облысында 1 млн тонна дәнді дақыл жинауға толық мүмкіндік бар. Биыл дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша өңір республикада алғаш рет 4-ші көрсеткішке ие болды. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндау барысында аймақ басшысы Бейбіт Исабаев осылай мәлім етті.
«Дәнді дақылдары 324 мың гектарға себіліп, 870 мың тонна астық жиналды, орташа өнімділігі гектарына 25 центнерден . Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі», – деді облыс басшысы.
Жалпы, биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 32 млрд теңге бағытталып, оның 25,5 млрд теңгесі субсидиялар.
Сондай-ақ өңір әкімінің айтуынша, облыста мал басының барлық түрлері мен өнім өндірісінің өсімі қамтамасыз етілді. Төрт түліктің саны 3,2 млн басқа жеткен. Бейбіт Исабаев жариялаған ақпаратқа сәйкес, Жетісу өңірінде 120 ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, олар 10 айда 70 млрд тг азық-түлік өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға артық.
Сонымен қатар, аймақ басшысы өңірдегі ауыл шаруашылығы шикізатының шамамен 35 пайызы облыстағы кәсіпорындарда қайта өңделетінін атап көрсетті. Соңғы 3 жыл бойы тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, қайта іске қосылғанын айтты.
«Қызылшаны субсидиялау тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. 15 мың теңгесін зауыт береді, сонда бір тоннаға 40 мың теңге субсидия беріліп отыр. Нәтижесінде қант қызылшасы себілген алқап 2 есе көбейтіп, 8 мың га құрады. Биыл қант зауыттарына 330 мың тонна тәтті түбір өткізіліп, жыл соңына 42 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Бұған қоса, қант құрағынан 29 мың тонна қант өңделеді. Барлығы 71 мың тонна өндіреміз. Облыстың қажеттілігі 11 мың тонна, қалғанын басқа аймақтарға береміз», – деп баяндады өңір басшысы.
Жалпы, облыста ірі жобалар бойынша алдағы екі жылда 25 млрд теңгеге 10 жоба іске асыру жоспарланған. Соның ішінде, «Ауыл аманаты» жобасы аясында республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп, толығымен игерілді.
Ал жоғары өнімділікті дақылдар алқаптарын ұлғайту мақсатында су шаруашылығы нысандарын көбейту көзделген.
«Бүгінде 16 объектінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде, оның жетеуі – жаңа су қоймасы. 3-5 жылда 48 мың га жерді сумен қамтамасыз ету жақсартылып, тағы 20 мың га жаңа суармалы жер экономикалық айналымға енгізілетін болады», – деп нақтылады Бейбіт Исабаев.