Биыл Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 25,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның 4,4 млрд теңгесі республикалық, қалған 20,7 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен құйылды. Өңір әкімі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, осы қаражат есебінен көптеген шаруа іске асты. 

«1,5 мың жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, 552 шаруа қожалығына 511 млн теңгеге жоғары өнімді тұқым сатып алу, ірі қара мал басын 5,8%-ға, қой - 9,8%-ға, жылқы - 9,7%-ға арттыру мүмкін болды. Сондай-ақ қаражат ет өндірісін 3,6%-ға, сүт өндірісін - 1,4%-ға ұлғайтуға, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін ұлғайтуға, орташа өнімділігі 9,6 ц/га құрайтын 363,2 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар, 179 мың тонна қант қызылшасын жинауға жұмсалды», – деді облыс басшысы. 

Биыл облыста суармалы су тапшылығы мәселесіне байланысты жалпы ауданы 9,2 мың га  392 шаруа қожалығының егістік жерлері зардап шеккені белгілі. Шаруалар шығынын өтеу үшін ҚР Үкіметінің төтенше резервінен 3,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 358 ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер 2,7 млрд теңге қаражат алды. 

Қазір Жамбыл облысында агроөнеркәсіп саласында 7 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Олардың жалпы сомасы 8,6 млрд теңгеге тең. Бұл бастаманың арқасында көкөніс сақтау қоймаларының қуаты 41 мың тоннаға, сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаты 7 мың тоннаға ұлғаяды. Ал, ет өндірісі 7,5 мың тоннаға артпақ. 

Дәл қазір Жамбыл облысы агроөнеркәсіп өнімі көлемі бойынша республика өңірлері арасында 6 позицияға тұрақтады. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін қазіргі 499 млрд теңгеден 535 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделген.