2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны заңды тұлғалардың құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсырады. Яғни, бұл науқанға шамамен тағы 4 млн-ға жуық адам қатысатын болады. Бұл туралы Астана қаласы Нұра ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Руслан Жаикеев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында айтты.
Елімізде декларациялау 2021- жылы бастау алды. Оның түпкілікті мақсаты -жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетіктерін құру. Сондай-ақ әділ салық салуды қамтамасыз ету мен әлеуметтік саясатты жетілдіру көзделген. Соның арқасында сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жоспарда бар.
«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «кіріспе» декларациясын шамамен 580 мың жеке тұлға тапсырған. Екінші кезеңде, бұл көрсеткіш 2,1 миллион адамды құрады. Ал, 2025 жылы декларациялауды барлық кәмелетке толған азамат тапсырады. Жалпы 4 кезеңдік декларациялау 13 миллионнан астам жеке тұлғаны қамтиды», – деді спикер.
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтың шетелдік активтерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін көрсететін «кіріс» декларациясын тапсыруымен байланысты. Оған бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарты, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық нысандары, 34,5 млн теңге шегінде қолма-қол ақша жатады.
Декларацияны бірінші рет ұсынбаған жеке тұлға ескерту алады. Ал келесі жылы тапсырмағандарға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Декларацияда толық емес немесе бірінші ретте анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін ескерту жарияланады. Бір жыл ішінде шартты қайталап бұзғаны үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады.