Астананың экономикасы өсуде: негізгі көрсеткіштер
Жалпы өңірлік өнім 4,1%-ға, инвестиция көлемі 4,7%-ға артты, бұл 25 жобаны енгізуге мүмкіндік берді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14,6%-ға, бөлшек тауар айналымының көлемі 9,4%-ға өсіп, шамамен 2,2 триллион теңгені құрады. Биыл автокөліктер мен тұрмыстық техникаға сұраныс жоғары болды.
11 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9%-ға өсті, бұл тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.
Білім беру және денсаулық сақтау: елорда мәртебесіне сай
Оқушылар орны тапшылығы мәселесін шешу үшін Астанада биыл 7 мектеп пайдалануға беріліп, тағы 5 мектептің құрылысы аяқталуда.
2024 жылы 34 мектептің, оның ішінде жекеменшік – 3, жергілікті бюджет есебінен - 8 және «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 23 салу жоспарланған. Жалпы ұлттық жоба бойынша 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Сонымен қатар, 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу көзделген.
62 мектепке 143 пән кабинеті сатып алынды. Оның ішінде 24 – физика, 29 – химия, 25 – биология, 14 – STEM және басқа да бағыттағы кабинеттер.
Сонымен бірге, елорданың барлық мектептері электронды оқулықтармен қамтамасыз етілген. Барлық білім беру ұйымдарында «Бірыңғай білім беру бағдарламасы» енгізілді.
Мұнымен қоса, қаладағы 95 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Астана медицина университетімен бірлесіп жалпы білім беру ұйымдарында студенттерді тамақтандыруды ұйымдастыру үшін екі апталық перспективті маусымдық ас мәзірі әзірленіп, бекітілді. Оны дайындау кезінде физиологиялық қажеттіліктер мен маусымдылық ескерілді.
Барлық білім беру ұйымдары қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған.
Денсаулық сақтау саласында қыруар жұмыстар атқарылды.
Мәселен, 12 емдеу мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, №2 қалалық емхана базасында балалар травматологиялық пункті ашылды. Бұл №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасының бас травматологиялық пунктінің жүктемесін азайтуға және балаларға дер кезінде және қолжетімді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған 243 жас маман жұмысқа орналасты, бұл медицина кадрларының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді.
Біліктілікті арттыру және жаңа диагностикалық әдістерді енгізу үшін 45 дәрігер әлемнің жетекші клиникаларында білім алды. Сонымен қатар кәсіби құзыреттіліктерді арттыру мақсатында шеберлік сабақтарын өткізуге жетекші шетелдік дәрігерлер шақырылады.
Қала билігі екі перинаталдық орталық салуды да жоспарлап отыр. Жобалар 2,5-3 жыл ішінде аяқталмақ. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен елорданы дамыту мәселелеріне арналған кеңестерде көтерілді. 250 төсек-орындық перинаталдық орталықтардың бірі инвестордың қаражаты есебінен салынады.
Құрылыс елорда экономикасының драйвері ретінде
Биыл 3,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында түрлі санаттағы азаматтарға 1400-ден астам пәтер бөлінді.
Биыл жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша қала билігі түрлі санаттағы азаматтарға 5,2 мың пәтер беру міндетін алға қойып отыр. Олардың ішінде жетім балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік қорғалмаған азаматтар, сондай-ақ жұмыс істейтін жастар бар. Кезекте тұрғандар бұл үйлерді келесі жылдың басында алады.
Сонымен қатар, елордада реновация бағдарламасы бекітілді. 2029 жылға қарай апатты жағдайдағы 206 үйден 4,7 мың тұрғын үй иелерін көшіру жоспарлануда. Биыл азаматтарға 400-ге жуық пәтер берілді. Келесі жылы тағы 700 пәтер тапсырылмақ.
Болашаққа қатысты пысықталып жатқан тағы бір мәселе – бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Астана қаласын 2035 жылға дейінгі дамытудың жаңа Бас жоспары. Қала аумағының басым бөлігін «жасыл сыналар» құрайтын болады, Олар саябақтар, Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің және Нұра-Есіл каналының жағалауларымен бірге бірыңғай табиғи-ландшафтық кешенді құрайды. Сонымен бірге, 178 балабақша мен 164 мектеп, 93 денсаулық сақтау мекемесі салынады.
Энергетика және сумен қамтамасыз ету
Бұл салалар елорда үшін аса маңызды. Жаңа аудандарды жылумен қамтамасыз ету үшін ЖЭО-3 бірінші кезегі мен екі газ жылу станциясының құрылысы аяқталды. Азаматтардан келіп түсетін арыз-шағымдар айтарлықтай азайып, коммуналдық қызметке түсетін жүктеме төмендеді.
Биыл астаналықтардың сумен жабдықтау мәселесіне қатысты шағымдары көп болды. Бұл мәселені шешу үшін Астана су қоймасынан қосымша құбыр тармағы іске қосылды, бұл тәулігіне 90 мың текше метр көлемінде қосымша су беруді қамтамасыз етті. Нұра жер асты суы кен орнынан тәулігіне 40 мың текше метрлік су құбырын салу және Тельман сорғы станциясын тәулігіне 160 мың текше метрге дейін кеңейту жобалары аяқталуда. Оларды жүзеге асыру 2030 жылға дейін қаланы тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
Астананы көгалдандыру Жарғысы әзірленуде
Құжат Бірыңғай көгалдандыру тұжырымдамасы аясында Урбанистика орталығымен бірлесіп әзірленіп жатыр. Жарғыны дайындауға ауыл шаруашылығы ғылымдары саласындағы мамандар, ландшафт сәулетшілері, көгалдандырушылар, питомниктер өсіру жөніндегі мамандар тартылды.Жарғыда құрылыс салушылар мен жылжымайтын мүлік иелеріне арналған көгалдандыру регламенттерін қамтитын ережелер жинақталады. Құрылыс салушылар дендропланды келісімге кетіріп, жасыл желектердә үш жыл бойы күтіп ұстауға, тек содан кейін ғана оларды әкімдіктің басқаруына беруге тиіс болады. Сонымен қатар, осы жылы 165-тен астам аула мен қоғамдық орындар абаттандырылды, оның ішінде 45 жасыл аумақ, саябақтар, скверлер, қалада және «жасыл белдеу» аумағында 1 миллионға жуық жасыл желек отырғызылды. .
Жалпы, 2023 жылы Астана көптеген экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша көш бастап, елордаға сай дамыды. Бас қала мәртебесі жергілікті билікті ерекше жауапкершілікпен еңбек етуге және қала мен оның тұрғындарының алдағы қажеттіліктерін ескере отырып, оны дамытуға міндеттейді.
Жобаны қорытындылай келе, еліміздің 2023 жылғы дамуының бірнеше жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталайық:
- экономиканың барлық салаларында 19,5 мың жұмыс орнын құрумен 967,7 миллиард теңгеге 210 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылды;
- 488 миллиард теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібінің 126 жаңа жобасы іске қосылды;
- 16,6 миллион тонна дәнді дақылдар, 2,1 миллион тонна майлы дақылдар, 5 миллион тонна мал азықтық дақылдар жиналды. Азық-түлік өндірісінің көлемі 1,9%-ға өсіп, 2,9 трилион теңгені құрады;
- Қазақстан бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 217 мектептің құрылысы басталды;
- 90 жаңа денсаулық сақтау объектісі, оның ішінде 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Елімізде трансплантология, кардиохирургия, онкология және инновациялық жасушалық технологиялар саласында 80 жаңа технология енгізіліп, бұл технологиялардың көмегімен 20 мыңға жуық адам емделді;
- 11 айдың қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 908,5 мың адам жұмысқа орналастырылды;
- халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға өз ісін ашу үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 9,1 мың мемлекеттік грант берілді;
- жастарды жылдық 2,5% жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 25,4 миллиард теңгеге 5,4 мың бизнес-жоба мақұлданды;
- 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға артты.