Оның хабарлауынша, сұранысқа ие кәсібі не жақын туыстары болмаған жағдайда этникалық қазақтар мемлекеттік қолдау шараларын ала отырып, Үкімет айқындаған өңірлерге жіберіледі. Олар агломерация аумағына және демографиялық дамуға қажеттілігі бар даму әлеуетіне ие ауылдық елді мекендер мен қалаларға баруы мүмкін. Еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар оқу орнынан анықтама ұсынуға тиіс.
Былтыр еңбек тапшылығы бар өңірлерге 8 903 адам немесе 2 558 отбасы қоныс аударды.
«Қоныс аударған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін шілде айынан бастап 5,1 млрд теңге сомасына 1 290 экономикалық мобильділік сертификаты берілді. Қоныс аударушылар мен қандастарды ынталандырудың оңтайлы моделін құру мақсатында оларды бейімдеу мен интеграциялау бойынша жаңа алгоритм әзірленді. Бұл алгоритм Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында пилоттық режимде іске қосылды», – деді спикер.
Бүгінгі таңда пилоттық жобаға 242 адам қатысып отыр. Көрсетілген қызметтердің нәтижелері fsmexpert мобильді қосымшасында тіркелген мәліметтермен расталады.
«Алгоритм отбасын, оның ішінде балаларды толық қолдауға арналған бейімдеу және интеграциялық қызметтер кешенін, сондай-ақ жергілікті қоғамдастыққа тиімді интеграциялау үшін әлеуметтік, медициналық және білім беру қызметтерін қамтиды. Қоныс аударушылар мен қандастар үшін бейімдеу және интеграциялау бойынша 25 негізгі түрі қызметтер тізбесі жасалды. Қызметтерді қоныстандыру өңірлеріндегі мансап орталықтарының қызметкерлері көрсететін болады», – деді А.Ертаев.
Отбасының цифрлық картасы және мобильді қосымша арқылы ескере, бес жыл бойы мониторинг жүзеге асырылатын болады. Бұл қандастар мен қоныс аударушылардың әлеуметтік ортаға сапалы бейімделуі мен интеграциялануын, қоғамдық қатынастардың толыққанды қатысушылары болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.