Министрлік тасымалдау кезіндегі су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту арқылы 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға арттырып, экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға, төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға ниетті. 

Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс басталды. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді. 

Еліміздің су-ресурстық әлеуетін есепке алу және болжау жүйесін дамыту, су ресурстарын басқару мен жоспарлаудың ақпараттық жүйелерін жетілдіру мақсатында Ақпараттық-талдау орталығын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, министрлік «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп су ресустарының интерактивті геоақпараттық платформасын әзірлеп жатыр. 

Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам каналды цифрландыру және суару жүйелерінің су есебін автоматтандыру жоспарланған. Сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін жақсарту көзделген.