Оның айтуынша, көрсетілетін қызметтердің 99%-ы электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл қызметтерді салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкімет» порталы, Е-лицензиялау, мемлекеттік органдар мен банктердің мобильді қосымшалары арқылы алуға болады. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстырудың арқасында еңбек ресурстары оңтайландырылды, қағаз құжат айналымы, көрсетілетін қызметті алушылардың уақыты және қаржылық шығындары қысқарды, тікелей байланыстар азайтылды және нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайды.

«Электрондық қызметтерді дамытудың шеңберінде қазіргі таңда қаржы институттармен өте жақсы қарым-қатынас орнатылған. Айта кететін болсақ, Kaspi, Halyk bank, Bank Center Credit банкі арқылы қазіргі таңда 39 салық есептілігін тапсыруға болады. Басқа да цифрлық платформалар арқылы да осы қызмет түрлері іске асырылып жатыр», – деді спикер.

Бүгінгі таңда ең танымал цифрлық платформалардың бірі – E-salyq. Мобильді қосымшада тіркелу салық органына бармай-ақ, онлайн режимінде жүзеге асырылады. 2020 жылдан бастап жеке тұлғалардың салықтарды төлеуіне ыңғайлы «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы іске қосылған. Оны пайдаланушылар саны 4,5 миллионға жетті.

«Қазіргі таңда жалпыға бірдей деларациялау шеңберінде кіріс декларациясы, декларацияның басқа да түрлерін толтыру осы қосымша арқылы іске асырылады. Уақыт шеңбері 2 минуттан аспайды. Жеңіл, тез, қосымша ақпарат берілген. Тек осы қосымша арқылы пайдаланушылар 3 миллион декларацияны электрондық түрде тапсырды», – деді ведомство өкілі. 

Екінші қосымша – Е-Salyq-Business. Жеке кәсіпкерлер қызметтің 33  түрі бойынша осы қосымша арқылы салық мөлшерін біліп, такси, курьер, жылжымайтын мүлікті жалға беру жөніндегі қызмет, құрылыс жұмыстары, техниканы жөндеу, шаштараз сынды қызметін іске асыра алады. Қазіргі таңда оны пайдаланушылар саны 312 мыңды құрайды. Мұнда дара кәсіпкер ретінде тіркелуге болады. Қосымша бақылау-касса машинасының чектеріне тең келетін чектерді береді. Сондай-ақ алынған кірістерді автоматты түрде есепке алуды жүргізу және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеуге болады.