Тек тауарларды сату, қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау кезінде жеке тұлғаның картасына мобильді аударымдар емес, бекітілген банктік шот немесе POS-терминал арқылы төлем жасалуы керек.
«Яғни, бұл – кәсіпкерлік қызметтің белгілері, олар міндетті түрде фискалдандырылуға тиіс. Біз мұны бірнеше рет түсіндірдік. Бүгінгі таңда барлық өңірде мемлекеттік кірістер органдарының, жергілікті атқарушы органдардың ғимараттарында, сондай-ақ бизнес субъектілері ең көп орналасқан базарлар, тұрақтар, басқа да алаңдарда мән-жайды түсіндіретін мобильді топтар жұмыс істеп жатыр. Біз бұл жұмысқа сәйкесінше басқа органдарды, банктерді қостық. Биыл біз 2025 жылы жеке кәсіпкерлер тіркеген және үш ай қатарынан 100 түрлі тұлғадан аударым алған қазақстандықтардың мобильді аударымдары бойынша деректерді алатынымызды ескертеміз. Біз бизнестің заң аясында жұмыс істеуін, барлық айналымды көрсетуін және тиісті салық төлеуін қолдаймыз», – деп атап өтті спикер.
Ержан Біржановтың айтуынша, бизнестің жұмысы үшін барлық жағдай жасалған, салық салу режимдері жеңілдетілген, салық ставкалары оңтайлы.
«E-salyq business» бойынша салық төлеу режимі 1%-ды құрайды, салық салудың әртүрлі нысандары бар, жеңілдетілген декларация бар, айналымы 13 миллион теңге шегіндегі патенттік жүйе бар, сондай-ақ патент кезіндегі салық мөлшерлемесі 1%-ды құрайды. Сондықтан біз әлі есепке алынбаған немесе жасырын жұмыс істейтін барлық кәсіпкерді ресми түрде тіркеліп, салықтарды жеңілдетілген тәртіппен төлеуге шақырамыз», – деп түйіндеді спикер.