Оның айтуынша, республикалық жедел штабпен қатар өңірлік штабтар да жұмыс істейді. Блок-бекеттерде 4 мыңнан астам көлік құралдарының қозғалысы тоқтатылды, уақытша орналастыру пункттерінде 1,1 мың адам бар. Жалпы, 7-9 ақпанда еліміздің 12 өңірінде 7 мыңнан астам көлік құралдарының қозғалысы тоқтатылды. Уақытша орналастыру пункттерінде 5 мыңнан астам азамат болды.

«Осы күндері республика бойынша құтқару бөлімшелері қар құрсауынан 1426 азаматты шығарып, эвакуациялады, 64 көлік құралы тартылды. 7 ақпанда Ақтөбе облысының автожолдарында 357 азамат, оның ішінде 80 бала қиын жағдайда қалғанын атап өткім келеді. Зардап шеккендерге жедел түрде апаттық-құтқару және медициналық көмек көрсетілді. Қарағанды облысында әйел мен баланы іздеу бойынша арнайы құтқару операциясы жүргізілді. 7- ақпан күні түстен кейін олар үйден шығып, жоғалып кетті. Іздеу түні бойы жалғасты. Таңертең жоғалып кеткендерді елдімекеннен 6 шақырым қашықтықта далада құтқарушылар тапты», – деді генерал-лейтенант. 

Сондай-ақ ол құтқарушылар әрқашан көмекке келуге дайын екенін, бірақ қазақстандықтар да өз қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуі тиіс екенін айтты. 

«Біздің азаматтарға қыс мезгілінде автожолдарда қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі туралы хабарлағым келеді. 112 нөмірінен келетін арнайы хабарламаларды елемеуді сұраймын. Дауылды ескерту және метео жағдай нашарлаған кезде елдімекендерден шықпауға, алыс қашықтыққа жаяу өтуден бас тартуға шақырамын. Біздің құтқарушылар әрқашан өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға дайын, бірақ әр адам қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы керек. Сіздердің әрқайсыларыңызды қауіпсіздік мәдениетін сақтауға шақырамын», – деп түйіндеді еліміздің бас құтқарушысы.