Оның айтуынша, тек 3 режимді қалдыру ұсынылады.
Біріншісі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай және ең төменгі төлеммен 4% жеңілдігі бар режим. Бірыңғай төлемге МЗЖ, әлеуметтік аударымдар және МӘМС жарналары кіреді. Төлемді қосымша арқылы немесе платформа арқылы дербес төлеуге болады. Шекті табыс - айына 1,25 млн теңгеден аспайды (340 АЕК). Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес.
Екінші режим – жеңілдетілген декларацияның қолданыстағы нормасын бөлшек салықпен біріктіріп, оны шағын бизнес режиміне ауыстыру ұсынылады. Ұсынылатын табыс мөлшері жылына 500 млн теңгеден аспайды, қызметкерлер саны – шектелмеген. Яғни, жеңілдетілген декларацияны қолданатын 1,9 млн салық төлеушілер үшін режимді қолдану шегі 2,5 есе, ҚҚС шегі 6 есе артады. Бұл айналымдарды жасырмауға немесе бөлшектемеуге ынталандыру.
«Қызмет түрлерінің тізімі кең болады. Тыйым салынғандардан басқасының бәрі қолданылады. Салық ставкасы-2% (В2С) және 8% (В2В). Егер өндіріс болса, онда операция түріне қарамастан 2% құрайды. Бұл ретте ҚҚС төлеушілер болып табылмайды. Жеке кәсіпкерлер бухгалтерлік есептен босатылады», – деді спикер.
Үшінші режим – шаруа және фермер қожалықтары үшін - өзгеріссіз қалдыру ұсынылады. Тек бірыңғай жер салығының орнына ЖТС төленетін болады. Осы режим үшін тиімсіз пайдаланылған жерлер бойынша жер салығын базалық мөлшерлемеден 40 есе мөлшерде енгізу ұсынылады. АШТӨ үшін жеңілдіктер әрбір салық бойынша жеке сақталатын болады.
Бизнестің қасақана бөлінуін болдырмау үшін мынадай критерийлерді енгізу ұсынылады: қызмет көрсетудің бірыңғай процесі; шешім қабылдау кезінде бақылаудағы адамдардың дербестігінің болмауы; ресурстарды ресми бөлу немесе оларды өтеусіз ұсыну. Мұндай фактілер анықталған және дәлелденген жағдайда арнайы режим жойылады, салықтар жалпыға бірдей белгіленген режимде есептеледі.
21 маусымда жаңа Салық кодексі жобасының мәтіні интернет-ресурстарда жарияланды. Мәтінді көпшілік алдында талқылау басталды.