Оның айтуынша, радиофармпрепараттарды авиатасымалдау мәселесі Қазақстанда ядролық медицинаны дамыта бастағаннан бері жетіліп келеді. Препараттардың бұзылу мерзімі өте қысқа. Мысалы, 18F-FDG препаратының мөлшері әр 109 минут сайын 2 есеге азаяды. Сондықтан өндірушіден пациентке тасымалдау уақыты өте маңызды. Уақытылы және өмірлік маңызды диагностика мен терапияны ала алатын пациенттердің саны осыған байланысты.  

Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда радиофармпрепараттарды тасымалдау тек автомобиль көлігімен жүзеге асырылды. Ұзақ талқылаулардан кейін өткен жылдың маусым айында Парламент депутаттары, Денсаулық сақтау, Энергетика, Көлік министрліктері, Air Astana әуе компаниясы өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өткізілді. Нәтижесінде 2024 жылдың сәуірінде Ұлттық авиатасымалдаушы радиоактивті фармацевтикалық препараттарды тасымалдауға тиісті лицензия алды.  

«Көктемде Алматы қаласының әуежайы - Шымкент қаласының әуежайы - ядролық медицина орталығы бағыты бойынша авиатасымалдау процесін пысықтау мақсатында 2 рет препараттардың бос қаптары жөнелтілді. 21 маусымда еліміздің тарихында радиофармпрепараттарды бірінші рет авиатасымалдау орындалды», - деді спикер отандық медицинадағы маңызды жетістік туралы.  

18F-FDG препаратын жеткізу апта сайын жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде алғашқы тасымалдау ПЭТ/КТ зерттеулеріне бірден 20-дан астам пациентке көмек көрсетуге мүмкіндік берді.