Оның айтуынша, соңғы аптада республикада 171 532 ЖРВИ жағдайы тіркелді, өткен аптамен салыстырғанда ЖРВИ жағдайлары 9%-ға  төмендеді. Тұмау оқиғасы тіркелген жоқ. Тұмаудан басқа Қазақстанда тұмауға жатпайтын вирустар да тарайды. Қыркүйекте басқа да гриппозды емес инфекцияларға 388 сынама зерттелді, оның ішінде 137 сынамада оң нәтиже анықталды, оның ішінде риновирус - 49, бокавирус - 35, парагрипп - 25 , аденовирустық - 17, РС - 7, басқалары – 4. 16 - тамызда ағымдағы эпидемиологиялық маусымға тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу туралы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына қол қойылды. 

«Қаулыға сәйкес медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау науқанын жүргізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы, сондай-ақ зертханалардың тұмауға және басқа ЖРВИ-ға зертханалық зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілді», – деді спикер.

ДДСҰ деректері бойынша алдағы эпидемиялық маусымда тұмаудың  AH1N1,AH3N2 және В штамдары өзекті болады. Олар 2024-25 жылдарға арналған вакциналауға енгізілген. Ағымдағы жылы бюджет қаражатына Ресей өндірген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2 млн 207 мың дозасы сатып алынды. Бұл республиканың жалпы халқының 11%-н қамтуға мүмкіндік береді. 

ДДСҰ халықтың кемінде 10%-н вакциналауды ұсынған болатын. Вакцинада алдағы маусымға қарсы штамдар бар. Бүгінгі таңда тұмауға қарсы 769 мың адам егілді, вакциналау жалғасуда. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың неғұрлым осал топтары: медицина қызметкерлері; медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлеріне арналған білім беру ұйымдарының балалары; эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцина алады.