Министр Жібек Жолы ауылындағы отбасылық денсаулық орталығына барды, ол кенттің 1,5 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді және күніне 50 адам қабылдауға есептелген. Мұнда медициналық көмектің кең спектрі көрсетіледі. Орталықта стационарды алмастыратын көмек бөлімшесі және ең қажетті препараттарды сатып алуға болатын дәріхана пункті бар.

Содан кейін Аршалы аудандық ауруханасының құрамындағы емхананың жұмысымен танысты. Мұнда пациенттер аспаптық диагностиканың толық спектрінен өте алады, ол үшін рентген, маммография, ультрадыбыстық аппарат және эндоскопиялық жабдық жұмыс істейді, сондай-ақ өзінің клиникалық-диагностикалық зертханасы бар.

Медперсоналмен әңгіме барысында министр пациенттерді диспансерлік бақылау, бір жасқа дейінгі балаларды патронаждау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Ол атап өткендей, осы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес, ауылдық жерлерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтар бойынша медицина қызметкерлері 100 ЕТЖ немесе 8,5 млн теңгеге дейін көтерме төлем ала алады.

Осылайша, ауылға медициналық кадрларды тарту үшін жеңілдетілген тұрғын үй кредиттерін, жалдау төлемдерін, біржолғы төлемдерді қамтитын әлеуметтік төлемдердің бірыңғай пакеті әзірленді.

Биыл Ақмола облысының ауылдарына келген 110 дәрігерге жалпы сомасы 483 млн теңгеге біржолғы төлем түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Халықпен және қоғам қайраткерлерімен кездесуде денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру туралы айтып берді. Осыған сәйкес қазір медициналық көмектің бірыңғай пакетінің жобасын әзірлеу және бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құру жүріп жатыр.

Ұлттық жоба шеңберінде Ақмола облысында 38 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жалғасуда. Қараша айында 11 ауылдық денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.

Ведомство басшысы халықтың сұрақтарына жауап берді, олар негізінен медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, дәрігерлік кадрларды тартуға, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты болды.

«Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау - біздің министрлік үшін басты басымдық. Біз әрбір қазақстандық тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медициналық қызметтер ала алатынына көз жеткізуге тырысамыз. Бүгінде жергілікті жерлерде медициналық инфрақұрылымды қолдау және дамыту, білікті мамандарды тарту және олардың жұмысы үшін заманауи жағдайларды қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Сондай-ақ, ведомство басшысы азаматтарды жеке қабылдады. Мұнда ол өңір тұрғындарының өтініштерін мұқият қарап, бейінді басқармалар мен бөлімшелерге өзекті мәселелерді шешуге көмектесуді тапсырды.