Оның хабарлауынша, қосалқы шаруашылықты қолдау және дамыту үшін жыл соңына дейін 1,1 млрд теңгеге 211 жеңілдетілген несие беріледі. Жастарды жұмыспен қамту үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» жобалары іске асуда. Сонымен қатар жастардың жаңа бизнес-идеяларына мемлекеттік гранттар қарастырылған.  

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Даму» Қоры арқылы 14,8 млрд теңгенің жобаларын субсидиялау бойынша 303 шартқа қол қойды. 

«Азаматтардың өмір сапасын арттыру мақсатымен атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Дегенмен, мемлекеттік қолдау  шараларының арқасында 2022- жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының 37,4%-ға төмендеген. Біз мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу ісіне ерекше ден қойып отырмыз.  Өкінішке орай, облыста 24 446 мүгедек адам тұрады, оның 2 957-сі – балалар», – деді спикер.  

18 мемлекеттік әлеуметтік қорғау мекемесі жұмыс істейді. Президент тапсырмасымен ашылған заманауи орталық өзінің қажеттігін және тиімділігін дәлелдеді. Алдағы уақытта Семей мен Аягөзде балаларға арналған екі орталық ашу көзделген. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.  

18 жастан асқандарға да толыққанды көмек берілу керек. Сол себептен, Семейде 100 орындық психоневрологиялық орталық салу бойынша жоба әзірленді. Келесі мәселе – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек беру. 765 баланың 538-і қамқорлықта болса, 227-сі мекемелерде тәрбиеленуде. 

«Негізгі мәселе – баспана. Бұл санат бойынша кезекте тұрғандар саны – 2 760 адам. Оның 1 778-і - Семейде. Облыс құрылған екі жыл ішінде 199 жетім бала пәтер алды. Осының бәрін ескере келе, біз, өткен жылдан бастап, облысымызда «Мейірім» акциясын ұйымдастырдық. Мақсаты – жетім балаларға материалдық қолдау көрсету. Әр балаға «Отбасы банкінде» жеке шот ашылды.  Барлық бала ұйымдар мен кәсіпорындарға бекітіліп, қамқорлыққа алынды. Оның сыртында, әр ниет білдіруші атаулы шотқа қаржы аудара алады. Бір ғана шарт – жиналған қаржыны 21 жасқа толғаннан кейін, яғни оң-солын таныған соң ғана пайдалануға болады. Барлығы ашық, жария түрде жүргізіледі», – деді облыс әкімі.