Ал, шорт-трек, коньки тебу және мәнерлеп сырғанау бойынша Астанадағы халықаралық стандарттарға сай жасалған «Алау» мұзайдынында оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. А. Имашевтің пікірінше, қазақстандық спортшылардың бүгінгі таңдағы жетістіктері аз емес. Алдағы Азия ойындарында хоккей спортынан алға қойылған міндеттеме – алтын медаль алу.
«Мәнерлеп сырғанауды бұқаралық спорт деуге болады. Көптеген жеткіншектер қатысады. Шорт-тректің жетістіктерін айтсақ, соңғы Әлем чемпионатында Денис Никиша 2-орын алды. Бұл – тарихи медаль. Әлем кубоктарының этаптарында жүлдесіз қалып жатқан жоқпыз. Абзал Әжғалиев, спорт жолында келе жатқан жас Әділ Ғалиахметов сияқты спортшылар бар. Шорт-тректе қазақстандық стиль қалыптасқан. Оны үлкен жарыстарда мойындатып жүр. Жүлделі ойындарға ие боламыз деп ойлаймыз», – деді спикер.