Бұл орайда Президент екі елдің парламентаралық ықпалдастығы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

– Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы бірлескен іс-қимыл сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтіп, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы жоғары білім саласындағы қатынастарды арттыруға баса мән берді.

– Жаңа ғана Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездестім. Сіздің еліңізде оқитын және білім алуға ниетті жастарды әрдайым қолдаймыз. Бұл байланыстар елдеріміз арасындағы «алтын көпірге» айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Мажарстанның Мемлекеттік жиналысының Төрағасы парламентаралық ықпалдастықты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, заң шығарушы органдардың ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Сонымен қатар екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша стратегиялық серіктестікті тереңдету қажет екеніне назар аударды.

Кездесуде халықаралық аренадағы жағдай да талқыланды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ласло Кёвер Мажарстан Парламентінің ғимаратын аралап көрді.