Алғашқы Neo Nomad Visa Қазақстанның БАӘ елшілігінде берілді. Бұл визаны иеленген Сертач Йенер жақын арада Қазақстанға келеді.

«Қазақстан – таңғажайып ел! Neo Nomad Visa бағдарламасы арқылы біз осы елде бір жылға дейін болу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл виза менің шетелдегі компаниямда қашықтан жұмыс істеуіме және Қазақстанды танып-білуге, табиғатымен, достық атмосферасымен, асханасымен, музыкасын, дәстүрлерімен, тілімен танысуға жол ашты», - деді Сертач Йенер.

Сертач Йенер – энергетикалық жобаларды әзірлеу және қаржыландыру саласындағы тәжірибелі маман. Бүгінде ол әріптестерімен бірге АҚШ-та таза энергетика бойынша жобаны әзірлеуді қолға алған.

Neo Nomad Visa Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Туризм және спорт, Сыртқы істер, Цифрлық даму, Ішкі істер министрліктерінің және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының қатысуымен қолданысқа енгізілді. Бұл виза шетелдік туристерге мобильді болуға, өздерінің шетелдегі компанияларында қашықтан жұмыс істеуге және Қазақстанда бір жылға дейін тұруға мүмкіндік береді. Жаңа В12-1 визасын алу үшін шетелдегі Қазақстан елшілігіне немесе консулдық мекемелеріне жүгіну қажет.