Қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Amanat» партиясының жол картасында 2023 – 2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады.
Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%. Қазіргі уақытта ел бойынша 22 166 объект толығымен бейімделген.
2024 жылдың соңына дейін Павлодар облысында 690 нысанды бейімдеу жоспарланған еді, өңірде жоспар артығымен орындалып, 813 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.
Бұдан басқа, осы жылы мемлекеттік бақылау шеңберінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 46 тексеру жүргізді, оның ішінде: 33 профилактикалық бақылау шеңберінде, жоспардан тыс 13 тексеру болды.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 44 ұйғарым берілді, 2,3 млн теңгеден астам сомаға 10 әкімшілік айыппұл салынды.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпастан жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.