Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оның мақсаты – ауыл оқушыларының таланттары мен қабілеттерін анықтау, интеллектуалдық дамуына жағдай жасау және болашақ мамандықтарын таңдауға қолдау көрсету.
Биыл олимпиадаға қатысуға 113 мыңнан астам оқушы ниет білдірді, бұл қатысушылардың өткен жылмен салыстырғанда 35 мыңға көбейгенін және ауыл оқушыларының интеллектуалдық жарыстарға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Қорытынды кезең қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша дәстүрлі форматта, екі тур бойынша өтеді. Нәтижесінде қатысушылардың жалпы санының 45%-ы жеңімпаздар мен жүлдегерлер ретінде анықталады. Олар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сонымен қатар барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталады, ал жеңімпаздарға еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары беріледі.
Сондай-ақ қорытынды кезеңге қатысушылардың барлығы алдағы зияткерлік жарыстарға дайындалу үшін республикалық «Дарын» мектебіне сырттай оқуға қабылданады. І дәрежелі диплом иегерлері 2024-2025 оқу жылындағы жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.
Ауыл мектептері оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша II республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі биылғы жылдың 14 желтоқсанында өтеді.