Оның айтуынша, ең көп сұрақ қарыз бен банктен алынған несиелерге қатысты болды. Облыстар ішінде ең көп сұрақ Маңғыстау (1061), Абай мен Шығыс Қазақстан облыстары (466) және Батыс Қазақстан (304) облыстарының тұрғындарынан келіп түсті. Жыл сайын мамандардың қызметіне деген сұраныс жоғары. 

«Жоба аясында медиатор мен заңгер берген кеңестер барысында көпбалалы аналарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған және өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға ерекше назар аударылды. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың күшімен шалғай ауылдардың тұрғындарын пойызға жеткізу ұйымдастырылды, ауыл және кент әкімдерінің өзекті түйткілдерді тарқатуға атсалысуы қамтамасыз етілді», – деді Қор өкілі. 

Екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы өтелмеген қарыз мәселесі және түрлі әкімшілік-құқықтық даулар өзекті болып отыр. Осы орайда, 481 азаматқа 260 млн теңге сомадағы несиелерге икемді кесте жасалды, оның 404-і проблемалық қарыздар болса, 77-сі шағын қаржы ұйымдары мен коллекторлық ұйымдар бойынша қарыздар. Осылайша тұрғындарға алдағы уақытта несиені уақытылы және ыңғайлы түрде төлеуге мүмкіндік жасалды. Мәселен, мамандар күйеуі ойынқұмарлыққа салынуы салдарынан несие қарызына батқан әйелге көмек қолын созды. Ауылдық жерде үш баланы тәрбиелеп отырған ананың жалақысы – 120 000 теңге. Медиатордың жұмысының арқасында бір шағын қаржы ұйымымен икемді төлем кестесін құру туралы келісімге қол қойылды. 

26 азаматтық және 27 қылмыстық іс медиация аясында тоқтатылса, 9 млн 660 мың теңге көлемінде төленбеген 12 алимент ісі бойынша шағым түсірілді. Заңгер мен медиатор түрлі әлеуметтік-еңбек, құқықтық мәселелер бойынша сотқа 120 шағым әзірлеп, қолдау көрсетті. Шығанақ станциясында 2016 және 2020 жылы туған екі баланың құқығы қорғалды. Медиатордың араласуымен балалардың кәмелетке толғанға дейінгі қажеттіліктеріне жұмсалатын 14 млн теңге төлеу туралы келісімге қол жеткізілді. 

«Сонымен бірге, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер, алимент рәсімдеу, еңбек өтілін есептеу, оқуға түсу, бизнес бастауға грант алу, қандас мәртебесіне ие болу, тұрғын үй теліміне қол жеткізу сынды жайттар аясында кеңес берілді. Мысалы, 10 мамырда заңгеріміз Өзен станциясында 12 жыл бойы «Күміс алқа» атағын ала алмаған 6 балалы анаға көмектесті. Біздің мамандар әкімдік өкілдерімен сөйлескенде беллігі болғандай, әйелдің құжаттары толық емес, қайтыс болған балалары бар деген себептер құжаттарын кері қайтарып отырған. Алайда, құжаттарды қалай толықтыруға болатынын, мәселені қалай шешуге болатыны айтылмаған. Осылайша бұл жағдай 12 жыл бойы жалғасып келген. Заңгерлеріміз бұл мәселенің нүктесін қойып, көмектесті», – деп түйіндеді спикер. 

Сонымен қатар биыл алғаш рет шалғай бекеттерде медициналық пойыз жанынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынуымен бірқатар қайырымдылық концерт ұйымдастырылды.