Оның пайымдауынша, Маңғыстау облысының транзиттік әлеуеті зор. Жыл басынан бері Ақтау, Құрық порттары және Солтүстік терминал арқылы 6,8 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 3,5%-ды көрсетті. Бүгінде жеке инвестор қаржысына Құрық портында «Саржа» көп функционалды теңіз терминалының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда терминал ішінара іске қосылды. Ақтауда ірі әуе хабын құру бастамасы да Үкіметтен қолдау тапты. ТМД елдерінде теңдесі жоқ жобаның инвестициялық құны – 1 млрд доллар. Әуе хабы іске асқан жағдайда Ақтау –  Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналады деп күтілуде.  

«Сонымен қатар, өңірде қоғамдық көліктерді жаңғырту мәселесі ерекше назарда. Ақтау қаласына 91 дана жолаушы автобусы сатып алынып, нәтижесінде қала автобусының паркі 100%-ға жаңартылды. Биыл да өңірде қалыптасқан механизм арқылы 120 автобус сатып алу жоспарланды. Бүгінде оның 70 данасы облысқа жеткізілді, қалған 50 данасы келер жылдың ақпан айында келеді деп күтілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстау облысының автобус паркі 97%-ға дейін жаңартылады», – деді облыс басшысы.