Өткен аптада ОКҚ баспасөз конференциясында қозғалған тақырыптардың бірі – Ауылдық аумақтарды дамыту. Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 6 179 ауылдық елді мекенде 7,5 млн адам тұрып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауылдық жерлердегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,9 трлн теңгені құрады.  Ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққанда еңбек өңімділігі соңғы бес жылда 2 есеге өсіп, 4,2 млн теңгеге жетті

Ақмола облысындағы Родина және  Қызылорда облысындағы Нағи Ілиясов ауылдары көпке үлгі. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Родина ауылының тәжірибесі негізінде Жол картасы әзірленді. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен оны еліміздің елді мекендерінде қолдану мәселелері пысықталып жатыр.

Әрине, үлгі аларлық басқа да жағдайлар бар. Мәселен, ел өңірлерінде басқа облыстарға бағыт-бағдар бере алатын бірқатар перспективті шешімдер енгізіліп жатыр.    

Су тасқынының алдын алу шаралары

Көктемгі су тасқыны қаупі жоғары облыстарда бөгеттерді нығайту жұмыстары қолға алынып, заманауи құралдардың көмегімен жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Солтүстік Қазақстан облысында «Қазақтелеком» АҚ мен өңір әкімдігінің «Біртұтас дрон инфрақұрылымы» бірлескен жобасы іске қосылды. 8 дрон су тасқыны қауіпі бар аймақтарды әуеден бақылайды: Шағалалы өзені, Тайынша қаласы; Тоқсан би, Мүсірепов ауданы; Сергеев су қоймасы; Покровка, Есіл ауданы; Новоникольское көпірі; Тепличное және Прибрежное; Большая Малышка; Заречный, Былғары кенті.

Дрондар автоматты зарядтау жүйесімен, жылу бейнелеу жүйелерімен жабдықталған, бұл олардың кез келген жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Олар су деңгейінің өзгерісі мен ықтимал қауіп туралы жедел ақпаратты әуеден жеткізеді, бұл қызметтерге тез әрекет етуге және жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Ал Атырау облысының Жылыой ауданында Жем өзенінің арнасы 2,5 м-ге тереңдетіліп, ені 50 метрге кеңейтілді. Сонымен қатар, аудан жалпы ұзындығы 100 шақырымға жуық 3 дәрежелі қорғаныс бөгетімен қорғалған.

ТжКБ дамыту және жұмысшы мамандықтарын қолдау тәжірибесін кеңейту

Жұмысшы мамандар даярлау және жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл тұрғысынан Павлодар облысы көшбасшылар қатарында. Кәсіптік техникалық білім беруді дамыту шеңберінде облыста «Жаңа кәсіптер атласы» енгізілуде және «Колледждер мен ERG компаниясының альянсы» құрылып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі өңір әкімдігімен бірлесіп, Павлодар облысының тәжірибесі негізінде «Колледждер мен кәсіпорындардың альянсын» құруға тиіс. Сондай-ақ Павлодар облысының «Жаңа кәсіптер атласы» шеңберінде әзірленген біліктілік аяқтағаннан кейін диплом алу үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтарының жіктеліміне енгізіледі.

Жаңа әлеуметтік нысандар ашу

Алматыда 2500 астам балаға арналған «Шабыт» заманауи даму орталығы ашылды. Орталықта интерактивті панельдер, ноутбуктер, сондай-ақ музыкамен, спортпен айналысу мүмкіндіктері бар.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы Қасым Аманжолов ауылында жаңа амбулатория ашылды. Ол барлық қажетті заттармен жабдықталған, соның ішінде электрофорез және спирограф бар. Амбулаторияда жалпы тәжірибелік дәрігер қабылдайды. Сондай-ақ күн сайын төрт медбике және бір санитар жұмыс істейді.

Қызылорда облысының Жалағаш және Қармақшы аудандарында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Сонымен қатар, Қазалы ауданындағы Ақтан батыр ауылы газға қосылды.

«Түркістан – Қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие болды

Түркістан қаласы «World Craft Council» халықаралық ұйымының шешімімен және Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің келісімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесін иеленді.

Түркістан қаласында қолөнер саласы ұлттық дәстүрлерді сақтай отыра, заманауи үрдістермен үйлесімді дамып келеді. Жергілікті шеберлердің керамикалық бұйымдары әсемдігімен, нақышты өрнектерімен және жоғары сапасымен ерекшеленеді. Алдағы уақытта «ерекше мәртебе» статусы аясында қолөнершілер шығындарының 25% субсидияланады. Сондай-ақ, жақын арада Қолөнершілер орталығын пайдалануға беру жоспарланып отыр.