Оның мәлімдеуінше, қазір тұщы жер асты суларының шамамен 68%-ы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының оңтүстік өңірлерінде шоғырланған. Ақтөбе облысы қорлармен толық қамтамасыз етілген, ал, Атырау, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары тапшылыққа жатады.
«Жалпы ел бойынша шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың 40%-ы жер асты суларымен қамтамасыз етіледі. Өндірістік-техникалық сулар қоры тәулігіне 2,4 млн м3 құрайды, оның тек 30-35%-ы ғана пайдаланылады. Негізгі аймақтар: Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары», – деді спикер.
Жер асты суларының жалпы пайдалану қорларынан (тәулігіне 43,2 млн м3), суару мақсатында тәулігіне 19,6 млн м3 барланды, бұл жылына 7,7 млрд м3 құрайды. Сонымен қатар жер асты суларын суару үшін нақты пайдалану тек 0,7% құрайды, бұл пайдаланылмаған үлкен әлеуетті көрсетеді.
Елде 4000-ға жуық бақылау ұңғымаларының жер асты суларын бақылаудың мемлекеттік желісі жұмыс істейді. Олар судың деңгейін, температурасын және сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Ұңғымалардың бір бөлігі қалпына келтіруді қажет етеді, осыған байланысты желіні жаңарту және Ұлттық гидрогеологиялық қызмет күштерімен бақылауды күшейту жоспарлануда.
Гидрогеологиялық саланы цифрландыру үшін Қазақстан Республикасының Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар жер асты сулары мониторингінің заманауи жүйесін енгізу сулы горизонттардың деңгейін, сапасы мен пайдалану режимін ұдайы бақылауды қамтамасыз етеді, теріс өзгерістерді уақытылы анықтауға және олардың алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Цифрлық басқару жүйесін және бірыңғай ақпараттық дерекқорды құру суды пайдалануды жоспарлаудың ашықтығын, сенімділігін және тиімділігін арттырады.