Спикердің айтуынша, медициналық-әлеуметтік сараптама сырттай проактивті форматта бекітілген нозологиялық нысандар тізбесі бойынша жүргізіледі. Олардың қатарына қатерлі ісіктер, психикалық аурулар, туберкулез, аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы және басқа да аурулар кіреді. Сараптама медициналық ұйымдардан түскен дербестендірілмеген электрондық құжаттар негізінде әртүрлі өңірдің сарапшылары тарапынан жүзеге асырылады. Қазіргі таңда дәрігерлік-консультативтік комиссиялардың барлық қорытындыларының 40%-дан астамы осы форматта қаралады.
«Екіншіден, жыл басынан бері медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары институты енгізілді. Бұл білікті медицина қызметкерлерін тартуға және мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі күні 72 тәуелсіз сарапшы 66 мыңнан астам өтінімді қарады», – деді Виктория Шегай.
Министрліктің пилоттық жобаларының бірі – жекелеген нозологиялар бойынша (аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы, мукополисахаридоз) мүгедектікті сырттай проактивті форматта белгілеудің ерекше тетігін енгізу. Бұл тетік медициналық құжаттарды бір МӘС сарапшысына жолдау арқылы рәсімді жеңілдетуді және қарау мерзімін үш жұмыс күнінен бір жұмыс күніне дейін қысқартуды көздейді.
«Келесі пилоттық жоба – мүгедектікті бетпе-бет белгілеу кезінде электрондық кезекті енгізу. Мемлекеттік қызметтің сапасы мен қолайлылығын арттыру аясында электрондық кезек тетігін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жоба азаматтардың алдын ала келу уақытын жоспарлауына, ұзақ күтуден қашуға мүмкіндік беріп, кезектердегі жанжалдарды азайтады», – деп түсіндірді вице-министр.
Оның айтуынша, жоба қосымша бюджет қаражатын талап етпейді және қолданыстағы ақпараттық жүйелер аясында жүзеге асырылуда. Бүгінде 211 азамат жаңа мүмкіндікті пайдаланып, электрондық кезекке жазылған. Жоба биылдың қараша айынан бастап Ақмола облысында іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ биыл Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдар шамамен 370 мың түрлі оңалту құралын, 150 мыңнан астам оңалту қызметін жалпы сомасы 63 млрд теңгеге алды. Қазіргі таңда еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар азаматтардың 127,8 мыңы немесе 30%-ы жұмыспен қамту шараларына тартылған.
Мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қарастырылған:
- жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру (субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру, гранттар беру және т.б.);
- белгіленген квота аясында тұрақты жұмыс орындарына орналастыру;
- арнайы жұмыс орындарына орналастыру.