«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ететін, ең бастысы, елге пайдасы тиетін нақты нәтижеге қол жеткізу басты мақсат болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл міндетті іске асыруға құрылыс секторы тың серпін беретіні анық. Өткен жылы салада 16% деңгейінде өсім сақталды. 20 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 185 мың отбасы баспана жағдайын жақсартты. Биыл да құрылыс қарқынын сақтай отырып, тұрғын үйді қолжетімді ету бағытында жұмысты жалғастыру керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет азаматтар үшін мемлекеттік қолдау құралдарын алуды оңайлатуға мүмкіндік беретін шаралар кешенін қабылдады. Атап айтқанда, тұрғын үй саясатында негізгі рөл атқаратын Отбасы банкі ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды. Тізімдерді цифрлық форматқа көшіру адам факторын барынша азайтып, тұрғын үйді есепке алу мен бөлу рәсімдерінің ашықтығын арттырды.

Сондай-ақ «Наурыз» және «Наурыз – жұмыскер» бағдарламалары бойынша жалпы көлемі 233 млрд теңгеге 8,5 мыңнан астам несие берілді.

Премьер-министр мемлекеттік органдардың назарын тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларын орындауды, қалаларда қолайлы, жайлы ортаны қалыптастыруға көңіл бөлу және тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын озық қарқынмен жүргізуді тапсырды.

Ірі қалаларда, әсіресе әсіресе Астана мен Алматыда құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп келеді. Сонымен қатар моноқалалар мен ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысын дамытуға да көңіл бөлу керек

Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Бәйтерек» холдингіне әкімдіктермен бірлесіп, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыруды жандандыруға тиіс.

Сондай-ақ отырыс барысында құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында құрылыс қарқыны қауіпсіздік пен сапаға кесірін тигізбеуі керек екенін атап өтті. Өткен жылы құрылыстың сапасына қатысты ресми түрде 63 мыңнан астам шағым келіп түскен. Жаңа Құрылыс кодексі осындай олқылықтардың алдын алуға бағытталып отыр. Ол ескірген нормалардан халықаралық стандарттарға, цифрлық және автоматтандырылған технологияларға көшу арқылы бүкіл саланы жүйелі түрде жаңартуды қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Құрылыс кодексі аясында мемлекеттік бақылау күшейтілді. Тексеруші органдарға жаңа құралдар, оның ішінде цифрлық технологиялардың кең ауқымы ұсынылды. Нысандарды қабылдап алу кезінде құрылысты бақылау органдары мен төтенше жағдайлар қызметтерінің міндетті түрде қатысу тетігі енгізілді. Бұл апаттар мен өрт қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Үлестік құрылыс саласында талаптар қатаңдатылды.

Мемлекеттің тиісті рұқсаты мен кепілдігі болмаса, құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын тарта алмайды, ал банктер ипотека бермейді. Құжатта сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге баса назар аударылған. Сондай-ақ ретсіз және заңсыз құрылыстардың алдын алу, сондай-ақ мектептер мен ауруханалардың тапшылығы сияқты жағдайларды болдырмау үшін түбегейлі жоспарлау жобаларын түзетуге бақылау барынша күшейтілді.

Сонымен қатар құрылыс саласын цифрландыру ісіне ерекше көңіл бөлінді. Бірыңғай құрылыс порталы саладағы ашықтықты арттырып, әртүрлі жүйелерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіруге және артық бюрократия мен мерзімдерді қысқартуға мүмкіндік береді.

Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, Жасанды интеллект министрліктеріне биылғы шілде айының соңына дейін жобаларды сараптау бойынша жасанды интеллект модульдерінің пилоттық режимдегі жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар Маңғыстау, Қызылорда облыстары, Абай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан өңірлерінің әкімдіктеріне 1 маусымға дейін бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарларды Қала құрылысы кадастрына көшіруді жалғастырып, саланы цифрландыру бойынша барлық жоспарды жеделдету тапсырылды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:

1. Екінші деңгейлі банктердің коммерциялық ипотекасын жетілдіру бойынша жаңа тәсілдер әзірлеу

Мемлекеттік бағдарламаларға жүктемені азайту мақсатында қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамытып, көлемін ұлғайту қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық ипотекасын және тұрғын үймен қамтамасыз ету құралдарын одан әрі жетілдіру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуі тиіс.

Сонымен қатар «Отбасы банк» өз кезегінде, халықтың осал санаттарын қолдауға баса көңіл бөлуі қажет.

2. Құрылыс кодексі аясында нормативтік актілерді уақтылы жаңарту

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 1 шілдеге дейін нормативтік актілерді жаңартып, қабылдауды, сондай-ақ оларды іске асыру кезінде үздіксіз бақылап отыруды қамтамасыз етуі тиіс.

3. Құрылыс саласында 38 жаңа жобаны уақтылы іске қосу

Құрылыс көлемінің жыл сайын өсуіне байланысты құрылыс материалдарына да сұраныс артып келеді. Сондықтан тапшылық пен бағаның өсуіне жол бермеу, сондай-ақ отандық өндірісті қолдау мақсатында қажетті құрылыс материалдарын өндіру жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Биыл елімізде осындай 38 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Өнеркәсіп министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, олардың уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуі тиіс.

Жалпы бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.