– Қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мемлекетаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да жоғары деңгейде. Түрік делегациясының құрамында бір топ депутаттың және партия мүшелерінің болуы – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар екі елдің экономикалық ынтымақтастығы күшейе түсті. Түркия ірі инвесторларымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық. Бұл мәселе бойынша екі елдің де ниет-тілегі – бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бүгінде Түркия әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, түрлі салада елеулі табысқа қол жеткізгеніне назар аударды.

– Сіздің салиқалы, сарабдал саясатыңыздың нәтижесінде Түркияның әлемдегі ықпалы мен беделі арта түсті. Түрік елі қуатты экономика мен салмақты дипломатияның арқасында Еуропа мен Азияны, күллі түркі дүниесін жалғаған алтын көпір ретінде танылып отыр. Мемлекетіңіздің жетістіктері – Сіздің ұлт мүддесін қорғау жолындағы қажырлы еңбегіңіздің жемісі деп білеміз, – деді Президент.

Жиында тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдету мәселесін талқылады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард доллардан асқан. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қолайлы жағдай жасап, алыс-берісті әртараптандырудың маңызына тоқталды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны 630 миллион доллардан асады. Бұл ретте Мемлекет басшысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары арасындағы серіктестіктің, сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік бизнес форумының нәтижесі сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдете түсетініне сенім білдірді.

Кеңесте ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді. Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыздан асып, 360 миллион долларға жуықтаған. Бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крахмал өндірісін, Alarko Holding салып жатқан жылыжай кешенін мысалға келтірді.

Түркия тарапына Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын жандандыру жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдау ұсынылды.

Жиында қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскеніне назар аударылды. Мемлекет басшысы бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне өзге елдердің қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталып, түрік компанияларын Құрық, Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.

Қазақстан авиация саласындағы ынтымақтастыққа да айрықша мән беріп отыр. Сондықтан Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуды көздеп отырған TAV Airports Holding компаниясының бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Бұл ретте Мемлекет басшысы елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, инвесторларға арналған жеңілдіктер жөнінде мәлімет берді. Сонымен қатар Түркия бизнесмендерін шикізаттық емес жобаларды бірлесе іске асыруға үндеді. Жиында энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект, қорғаныс өнеркәсібіндегі өзара тиімді серіктестік аясын одан әрі кеңейту перспективасы қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның мәдени-гуманитарлық байланыстары жылдан жылға күшейіп келе жатқанын жеткізді.

Атап айтқанда, 2023 жылы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясында Қазақстан бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылды. Астанада және Алматыда «Маариф» қорының мектептерін ашу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы Түркияда оқиды, ал 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда.

Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркиядағы Гази университетінің филиалы өз жұмысын бастады.

Қазақстанның бірқатар аймағында туризм саласына маманданған түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы бұл бағытта әлі де көптеген мүмкіндік бар екенін алға тартып, түрік бауырларымызды Қазақстанмен озық тәжірибесін бөлісуге, елімізге инвестиция салуға шақырды.

Денсаулық сақтау саласындағы серіктестік те қарқынды дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ірі фармацевтика алпауыттары – Abdi İbrahim және Nobel компаниялары Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқанын атап өтті. Көп ұзамай Orzax Group компаниясы Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыттың құрылысын бастайды. YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр.

Режеп Тайип Ердоған республикалық референдумда халық қолдауына ие болған жаңа Конституция Қазақстанның ынтымағын арттыра беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясында барлық салада нығайып келе жатқанын айтты.

– Қадірлі бауырыммен өткізген кездесуде саудадан бастап энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ жаһандағы өзекті мәселелер секілді көптеген тақырыпта пікір алмастық. Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-ші отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын Іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз. Бүгінгі бизнес-форум сияқты іскерлік ортаны біріктіретін іс-шаралар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санаймын, – деді Түркия Президенті.

Кеңес отырысында Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Түркия тарапынан Сыртқы істер министрі Хакан Фидан, Сауда министрі Болат Омер баяндама жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған жүргізген келіссөздердің нәтижесінде, сондай-ақ Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысының қорытындысы бойынша «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларация қабылданды.