Қыркүйек айының қорытындысы бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін 40 мыңнан астам медицина қызметкері болжамды үстемеақы алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов хабарлады. Төлемдер сомасы 10 млрд теңгеден асады.

«Қазіргі уақытта үстемеақы алушылардың тізімін қалыптастыру бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысы жүргізілуде. Тізімдерді ұсынғаннан кейін Қор ай сайынғы қосымша ақыларды төлеуге кіріседі. Біз бұл жұмысты әдеттегідей 20 күнге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Болат Төкежанов.

Инфекциямен күресте қауіпті жағдайда жұмыс істеуге тартылған медицина қызметкерлерінің саны эпидемиологиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады.

Егер наурыз айында бұл жұмыстарға 19 мың медицина қызметкері тартылса, мысалы, шілде айында олардың саны 79 мыңға жетті. Айлар бойынша статистика келесідей: наурызда 19 340 медицина қызметкері 3,4 млрд теңге, сәуірде - 42 926 медицина қызметкері 7,6 млрд теңге, мамырда - 40 416 медицина қызметкері 8,7 млрд теңге, маусымда – 53 160 медицина қызметкері 12,3 млрд теңге, шілде айында – 78 963 медицина қызметкері 24,9 млрд теңге, тамызда 66 249 медицина қызметкері 16,8 млрд теңге мөлшерінде қосымша төлем алды.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында COVID-19-ға қарсы күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тартылған Денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне осы жылдың екінші жарты жылдығына ынталандыру үстемеақыларын төлеуге 150 млрд теңге бөлуді көздеу тапсырмасы берілді.

«Осы тапсырманы орындау үшін Қор жыл соңына дейін медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу үшін қаржыландыру қажеттілігіне болжамдық есептеулер жүргізді. Қаржы қаражатына алдын ала қажеттілік шамамен 135 млрд теңгені құрайды. Қор пандемияның күрделі жағдайында алдыңғы қатарда тұрған әріптестерімізге үстемеақыны уақтылы және жедел төлеу бойынша өз жұмысын жалғастырады», деп сендірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы.