16 қарашада мектептерде екінші тоқсан басталды. Оған дайындық бірінші тоқсанның нәтижелерін ескере отырып жүргізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мәлім етті. Ол оқудың алғашқы екі айының қорытындыларына тоқталды.

«Бірінші тоқсанда миллионнан астам бала аралас форматта білім алды. 2,3 млн бала қашықтан оқыды. Қашықтан оқыту нысанында 8-ге жуық білім беру платформасы пайдаланылды, оларды жергілікті атқарушы органдар білім беру мекемелерінде енгізді. Айта кетейін, 82 млн-нан астам баға онлайн режимде қойылды, 40 млн-ға жуық үй тапсырмасы мен бақылау жұмысы берілген. Білім беру жүйесінде 2 млн-нан астам ата-ана, 3 млн білім алушы және 362 мыңға жуық оқушы жұмыс істеді. Сонымен қатар, сабақты өткізудің қосымша тәсілдерінің бірі ретінде видео сабақтар қолданылды», - деді вице-министр бірінші тоқсанды қорытындылай отырып.

Сонымен қатар, Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы, сондай-ақ Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде оқыту форматы анықталды. Бірінші, оқып жүрген мектепалды, 1-4 сынып оқушыларының кезекші сыныптарына 5 сынып қосылды.

Екіншіден, контингенті 5-300 оқушыны құрайтын мектептерге штаттық режимде оқытуға рұқсат етіледі. Үшіншіден, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптарды штаттық режимде оқыту енгізілді.