Қазіргі таңда жобалар бойынша 15 млрд. долларды құрайтын пул құрылды. Оның 13 млрд., яғни 90 пайызы батыс өңірінде шоғырланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жобалар іске асқан жағдайда, құрылыс кезінде 10 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылады.

«Мемлекет басшысының мұнай-газ химияны дамыту, яғни терең өңделген өнім, қосымша құны жоғары өнім шығару жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында бірқатар шаралар қолға алынды. Мысалы, Атырау облысында ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі құрылды. Арнайы экономикалық аймақ аясында жылына 500 мың тонна полипропилен шығару өндірісі жүзеге асырылып жатыр. Бұл кәсіпорында өнім шығару үшін 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады», - деді министр.

Сондай-ақ, еліміздің өзге де өңірлерінде түрлі өндірістер өз жұмыстарын бастады. Атап айтқанда, Павлодар облысында жылына қуаттылығы 70 мың тонна полипропилен шығаратын зауыт іске қосылды. Алматы облысында жылына 100 мың тонна жақпа май шығаратын өндіріс орны ашылды. Шымкентте жақпа майлар, Атырау мұнай-өңдеу зауытында ароматикалық мұнай өнімдерін шығару қамтамасыз етілді.